Қазақстанда төмен бағамен үй алуға мүмкіндік беретін 3 әдіс
Бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төменде аталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй алуға болады.
— 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы. Бұл 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін 2012 жылы іске қосылған «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы болған. Мұнан кейін аталған бағдарлама Өңірлерді дамыту бағдарламасының бөлшегіне айналды.
Бағдарлама аясында банк екі бағытты іске асырады – «Халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй» және «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй». 2012 жылы бағдарламаның іске қосылғанынан бастап 2016 жылдың 1 қазанына дейін екі бағыт бойынша 29 646 қазақстандық отбасы пәтерге иеленген. Енгізілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 1,8 миллионнан астам шаршы метрді құрайды. Жалпы саны 400 үй тапсырылған.
2016 жылдың соңына дейін 2 523 пәтерге есептелген тағы 26 үй тапсыру жоспарланады.
Тұрғын үй Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында тапсырылады.
«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында өңірлерге байланысты тұрғын үй құны:
Алматы және Астана — шаршы метрі үшін 120 000-142 500 теңге, жайлылық санатына байланысты
Атырау, Өскемен, Ақтау — шаршы метрі үшін 110 000-115 000 теңге
Басқа өңірлер — шаршы метрі үшін 90 000-100 000 теңге
Егер сіз әлеуметтік тұрғын үйден үміттенетін салымшы болсаңыз, келесі талаптарға сәйкес болуыңыз қажет:
— ҚР азаматы немесе оралман дәрежесі
— Астана және Алматы қалаларынан тұрғын үйге үміттенген жағдайда, соңғы 2 жыл бойы тұрақты тұратын орнында тіркелуі
— соңғы 5 жыл көлемінде ҚР аумағы бойынша сатып алынатын жалдамалы тұрғын үй немесе жекеменшік тұрғын үйі болмауы
— тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша тұрғын үй алу үшін қарызды өтеуге қызмет көрсету бойынша төлем жасауға қабілеттілігін растау.
Егер «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша баспана алғыңыз келсе, келесі шарттарды орындауыңыз қажет:
— кемінде некеде 2 жыл тұрған жас отбасы болу
— өтініш беру кезінде ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29 жастан аспауы тиіс. Егер отбасы толық болмаса, жасы бойынша шектеу тек баланы (балаларды) тәрбиелеп жатқан ата-ананың біріне ғана қатысты, ол да 29 жасты құрайды
Аталған санат бойынша тұрғын үй тізімін жергілікті әкімдік құрады.
— Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Белгіленген жыл ішінде 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын іске асыру жоспарлануда. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тарапынан 67 миллиард теңге және «Байтерек девелопмент» акционерлік қоғамы тарапынан 60 миллиард теңге тұрғын үй құрылысына бағытталған.
«Байтерек девелопмент» АҚ желісі бойынша тұрғын үй құны:
Астана, Алматы, Ақтау, Атырау — шаршы метрі үшін 200 000 теңгеге дейін
Басқа өңірлер — шаршы метрі үшін 180 000 теңгеге дейін
ЖАО желісі бойынша :
Астана, Алматы — шаршы метрі үшін 180 000 теңгеге дейін
Басқа өңірлер — шаршы метрі үшін 140 000 теңгеге дейін
— «Өз үйім» бағдарламасы. Ол үш бағыттан тұрады: жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекеттестік, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастық.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшысы болсаңыз, «Өз үйім» бағдарламасы бойынша шаршы метр үшін төмен баға, валюта курстарына тәуелді болмау, тұрғын үй алу үшін қойылатын қатаң шарттардың жоқтығы сынды артықшылықтарға иеленесіз. Бағдарламаға Банктің кез-келген клиенті қатыса алады. Бірақ алғашқы кезекпен тұрғын үй алу мүмкіндігі жеке басында жылжымайтын мүлкі жоқ салымшыларға беріледі. Бұл бағдарлама бойынша Астана және Алматы қалаларында соңғы 2 жыл көлемінде тұрақты орны бойынша тіркеуде тұрудың қажеті жоқ.
«Өз үйім» бағдарламасы аясында жалпы саны 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.
«Өз үйім» бағдарламасына қосылған алғашқы өңір – Қызылорда облысы. Мұнда 100 адам баспана кілтін иеленіп үлгерді.
Астанада бағдарлама аясында «Жағалау-4» ТК тұрғызылып, 462 банк салымшысы тұрғын үйге ие бола алады.
2016 жылдың тамыз айында ОҚО әкімдігі мен банк аталған бағдарлама аясында «Шымкент сити» жобасы негізіндегі ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Таяу уақытта бағдарлама Алматы қаласында да іске аспақ.
«Өз үйім» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құны 3 баға ауқымын қарастырады:
Ең төменгі баға — әр өңірге байланысты шаршы метрі үшін 115 000 теңгеден 180 000 теңгеге дейін
Орта ауқымдағы ең жоғары баға шаршы метрі үшін 245 000 теңгеге дейін барады
Үшінші ауқым бойынша – 300 000 теңгеге дейін.