Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда такси жүргізушілері жолаушыларға сақтандыру сатып алуға міндеттелді

Қазақстанда такси жүргізушілеріне бақылауды күшейтілді. Енді олардан тек көлік үшін емес, жолаушылар үшін де сақтандыру талап етіледі. Бұл құжат адамдарды ақшаға тасымалдайтын кез келген адам үшін міндетті. Жүргізушілер оны өздері алуы керек. Дегенмен барлығы бұл ережені біле бермейді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақжол Сейсенбай бес жылдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмыс берушісі жақында барлық жүргізушіден жолаушыларды сақтандыруды талап еткен. Ол жұмысқа қабылданған кезде мұндай құжат талап етілмегенін айтады.

"Бұрын бұл құжаттар мүлдем тексерілмейтін. Содан кейін бір ай бұрын Яндекс маған ескерту жіберіп, “Сақтандыру алыңыз, әйтпесе аккаунтыңыз жойылады" деді. Алуға тура келді. Әлі күнге дейін төлеп жатырмын. Бірнеше күннен кейін полиция мені тоқтатып, құжаттарымды сұрады. Бақытыма орай, бәрі орнында”, – деді Ақжол Сейсенбай.

Жолаушыларды сақтандыру міндетті. Онсыз адамдарды ақшаға тасымалдау заңсыз боп саналады. Полистің құны көліктегі орындықтар санына байланысты. Мысалы, жеңіл көлік үшін ең төменгі баға – шамамен 13 000 теңге. Сақтандыру компаниялары бұл құжатты бұрын ешкім рәсімдемегенін мойындайды, бірақ соңғы бір айда клиенттер күрт көбейді.

Сарапшылар кез келген жүргізуші полис ала алатынына сендіреді. Дегенмен апат болған жағдайда барлығы бірдей өтемақы ала алмайды.

"Егер сақтандыру компаниясы жолаушыларға сақтандыру полисін берсе, бірақ жүргізуші жергілікті органда тіркелмеген болса, сақтандыру компаниясы төлемнен бас тартуға құқылы. Такси жүргізушісі жеке кәсіпкер болуы керек. Олардың жеке кәсіпкерлігі болса, олар өздерінің кәсіпкерлік қызметіне сәйкес тіркелуі керек", – деді сақтандыру маманы Акбар Зайытов.

Заңгерлер жолаушыларды міндетті сақтандыру туралы заңның 20 жылдан астам уақыт қолданылып келе жатқанын мойындайды. Бірақ ол енді ғана енгізілуде. Бұл жолаушылар үшін пайдалы. Қазір автопарктер ұсынатын сақтандыру ең көбі 4 миллион теңгені қамтиды. Дегенмен жүргізуші полисі бойынша зардап шеккен тарап 22 миллионға дейін өтемақы ала алады.

“Көлікте екі немесе үш жолаушы болса және соқтығысудан кейін үшеуі де жеңіл, орташа немесе ауыр дене жарақаттарын алса, онда әрбір адамның сақтандыру полисі бұл залалды өтейді. Такси жүргізушісі апатқа кінәлі ме, жоқ па, оған қарамайды. Егер такси жүргізушісінің жолаушыларына сақтандыруы болмаса, олар 40 000 теңгеден астам айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Жүргізушілерге сақтандыру алғанға дейін жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін, ол жыл сайын жаңартылуы тиіс", – деді Республикалық заң кеңесшілері алқасы төрағасының кеңесшісі Ғабит Өмірбеков.

Қырмызы Скендирова
Жексенбі, 15 Наурыз, 2026 13:55