Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы да зейнетке шығу жасын 60 жасқа төмендету ұсынылды

Мәжіліс депутаты Александр Милютин еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Депутат премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Депутат қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп есептейтінін айтады.

"Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы да аз. Сондықтан біздің партия бұрын жақсы нәтиже көрсеткен зейнетақы жүйесіне оралуды ұсынады. Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі - еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру. Азаматтың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы керек. Құқықтық зейнетақыны жыл сайын индекстеу номиналды инфляцияны ғана емес, сонымен бірге нақты тұтыну бағаларының өсу индексін, сондай-ақ жалақының өсу индексін де ескеруі керек", - деді Александр Милютин мәжілістің жалпы отырысында.

Оған қоса, депутат зейнетақының бір бөлігін алу туралы сөз қозғады. 

"Бес жыл ішінде алғаш рет БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары төмендеуге көшті. 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша олар 11 триллион 405 миллиард теңге болды, ал 2020 жылғы 1 маусымға қарай 11 триллион 388 миллиард теңгеге дейін азайды, яғни 17 миллиард теңгеге қысқарды. Халықтың зейнетақы жүйесіне нашар қатысуы, жинақтардың өте төмен деңгейі болашаққа әлеуметтік қиындыққа әкеп соқты, ал енді бұл тәуекелдер одан әрі ушығып барады", - деді ол.

Бұған дейін "Халық коммунистері" фракциясының депутаттары Қазақстанның барлық азаматтарының зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қарт адамдар саны жыл сайын артып келеді және бұл ел бюджетіне қаржылық ауыртпалық түсіреді деп жауап берді.

Талқылау