Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда су ресурстарын дамытуға 2 триллион теңге керек

Бүгін үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда қазір 400-ден астам су қоймасы бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Ведомства басшысы қазір барлық су қойма мен су тарту жүйесін есепке алу жүргізілгенін атап өтті. Республикада 400-ден астам су қоймасы бар. 

“Әрбір жергілікті атқарушы органмен бекіткен кешенді жоспарымызға, оның ішінде тек су қоймалары ғана емес, ирригациялық жүйе, цифрландыру, су үнемдеу технологияларына шамамен 2 трлн теңге қажет”, – деді Нұржан Нұржігітов үкіметтегі брифингте сұрақтарға жауап бере отырып. 

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов елімізде су кадастрының бірыңғай дерекқорына айналатын цифрлық платформа құрылатынын айтты. 

Министр үкімет отырысының кезекті жиынында су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, су шаруашылығын цифрландыру шұғыл шараларды қажет етеді.

“Бүгінде hydro.gov.kz цифрлық платформасын құру бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Онда су объектілерін, гидротехникалық құрылыстарды, су бассейндері мен аумақтарын, гидропосттарды және т.б. бейнелейтін бірыңғай су кадастры қалыптастырылады”, – деді министр.

Министр еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.   

“Сонымен қатар тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су құбырын цифрландыру және ирригациялық жүйелердегі суды есепке алуды автоматтандыру қарастырылған”, – деді ол. 



Сондай-ақ премьер-министр Әлихан Смайылов су шаруашылығында қордаланған мәселе көп екенін және көп жылдар бойы күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келгенін айтты. 

Талқылау