Қазақстанда саусақ ізін тапсыру ерікті болады: Сенат заңға өзгеріс енгізді
Сенат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері туралы заңды екі оқылымда қарап, мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екінші оқылымда қорытынды жасаған сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев мәжіліс қабылдаған заңға әлі де бірнеше өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты.
Сенатор заңның жекелеген баптарына келесідей өзгерістер енгізуді ұсынды:
— адам құқығы мен бостандығын шектеуге қатысты нормаларды Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкестендіру;
— алдын ала тергеу үлгісінде аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату. Олардың жауапкершілік аймақтарын айқындай отырып, үш буынды модельді енгізуді көздейтін нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін ауыстыру;
— мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтерді беру тәртібін айқындау жөніндегіқұзыретті белгілейтін қайталама нормаларды алып тастау;
— Қазақстан азаматтарына қатысты ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу бөлігінде нормаларды нақтылау;
— Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес келтіру.
Сенатордың бұл ұсынысын өзге де депутаттар қолдап, заңның жекелеген баптарын мақұлдамады.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны айтылған еді.
Мәжіліс депутаттары төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеу кезінде саусақ ізін алуды міндеттейтін бастаманы заңнан алып тастаған болатын.