Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры сарқылып бара жатыр – Геологтар

Елімізде қатты пайдалы қазбалардың барланған қорлары таусылып барады. Геология комитеті алтын 26 жылға, алюминий мен мыс кені 30 жылға жетеді деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Жер қойнауын зерттеуге жарты ғасырдан астам уақытын арнаған геолог Олжабай Ысмайылов темір, вольфрам, қоңыр көмір сияқты бірнеше кен орындарын бірден ашқан. Оның айтуынша, Кеңестік геология бір кездері әлемдегі ең жақсылардың бірі саналған. Ал Қазақстандағы геология Кеңес үкіметінде үздік деп танылған. Алайда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір кен орны ашылмады.

“Табылған қорды 10 жылдай пайдалана аламыз. Кейін зауыттар мен кәсіпорындар пайда болады. 10-15 жыл қалды. Дүниежүзі бойынша кен өндіру қарқынды жүргізіліп жатыр. 20 жыл бұрын 600 миллион темір қажет болды. Қазір оның 2 миллиарды өндіріліп жатыр. Мыс, никель және басқа металдар өндірісі 10 есе өсті. Ізденіп, табу керек. Өйткені бір ғана жер қойнауын қаза беруге болмайды”, – дейді геолог. 

Геология комитетінің де алдағы уақытқа жасаған болжамы көңіл көншітпейді. Шамамен 2 жылдан кейін Васильковское, Южно-Леонидовское кен орындары мен Сарыбұлақ өзеніндегі алтын кен орындары кеуіп қалады. Ал 5 жылдан кейін Шығыс Қазақстандағы Малеев кен орнындағы және Жезқазғандағы түсті металдардың қоры таусылады. Қарағанды ​​облысындағы Алмалы кен орнында мыс тағы 3,5 жыл бойы өндіріледі. Ақтөбе облысындағы кен орындарында хромның бір жылдық қоры ғана қалды. Түркістандағы уран қоры 2 жылға жетеді.



Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға қарай ел аумағын геологиялық-геофизикалық барлау алаңы 1,5 миллион шаршы шақырымнан 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайтылуға тиіс екенін атап өткен еді. Бұл үшін 36,6 миллиард теңге қажет. Алайда бұған үш есе аз қаражат бөлінді. Сондай-ақ бұл салада кадрлар тапшы. Бұл ретте еліміздегі 19 жоғары оқу орнында геологтар даярланады, онда 8,5 мыңнан астам студент білім алады. Бірақ олардың басым көбі мұнай мен газ өндіруге кетеді.

“Біздің саланы цифрландыру өте төмен деңгейде. Сирек жер металдарының – REM, RM потенциалы өте үлкен. Қазір барлық ілеспе компоненттер болса да, бұл сала нашар дамыған. Біз геолог ретінде шикізатпен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ сала оны технологиялық тұрғыдан шығара алмауы мүмкін”, – дейді ҚР ӨҚМ Геология комитетінің сараптама және бірыңғай кадастр басқармасының басшысы Марғұлан Батырбай.

Жер қойнауын пайдалану туралы заңға өткен жылдың соңында қол қойылды. Онда инвестиция тартуға байланысты бірқатар түзетулер енгізілді. 

“Осы кен орындарында жұмыс істейтін инвесторларға баламалы салық түрінде жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Яғни, рента, жеке табыс және үстеме пайда салығынан босату. Бұл салықтардың орнына баламалы салық енгізіледі. Бірақ біз оны заңда қарастырдық. Алайда биыл оны жүзеге асыру үшін жаңа Салық кодексіне осы өзгерістерді енгізу керек. Сонда ғана ол жұмыс істейді”, – дейді парламент мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Сараптама жүргізуге рұқсат беру мерзімі 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды. Қайталанатын тексерулер алынып тасталды. Аукцион сатысында инвестор уақытты босқа өткізбей-ақ жұмысқа кірісе алады. Сарапшылар өзгерістер саланың дамуына себеп болады деп үміттенеді. Бұл алдағы уақытта инвестицияның жыл сайынғы өсімін 200 миллиард теңгеге арттыруға сеп болмақ.

Бұған дейін елімізде қордағы 83 кен орнын аукцион арқылы сату жоспарланғанын жазған едік.

Талқылау