Қазақстанда мақта мен бидай алқабы қысқарады – Ауыл шаруашылығы министрі
Қазақстанда майлы дақылдар, күнбағыс, картоп пен қант қызылшасын егу ұлғайтылады. Бүгін үкімет отырысында ауыл шаруашылығы мининстрі Айдарбек Сапаров осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Оның сөзінше, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 13,3 млн га (2023 жылы – 13,7 млн га) болады деп жоспарланып отыр, яғни 429,2 мың гектарға қысқартылған. Босаған алаңдарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдарды егуді ұлғайту жоспарлануда.
“Мәселен, облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385,7 мың гектарға ұлғайту жоспарланған, бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайту және оларды 1,2 млн гектарға дейін жеткізу керек. Бұдан басқа, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, тиісінше, биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың гектарға жетеді”, – деді министр.
Ол үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
“Биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарын 116 мың гектардан 100 мың гектарға дейін, яғни 16 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр, күріш алқаптары 6,4 мың гектарға қысқарып, 93,9 мың гектар болады”, – дейді Айдарбек Сапаров.
Оның сөзінше, жалпы, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.