Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандар қалай жерленеді
Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандардың денесін жер қойнына тапсыруға қойылатын талаптар енгізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР-ның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың қаулысы негізінде індеттен көз жұмғандардың денесі туыстарына берілмейді және медициналық сараптамаға жіберілмейді.
"Марқұмның денесін зарарсыздану құралына малынған ораммен орап, арнайы тоңазытқыш камерасына сақтау қажет", - делінген ресми құжатта.
Қабірсіз жерлеу кезінде (ұлттық дәстүрге сәйкес) дезинфекциялық ерітінді сінген матаға марқұмның денесі оралып сыртынан полиэтиленді қаптама кигізіледі. Оның сыртынан тағы бір мата оратылады екен.
Қайтыс болған адамның мәйітін зиратқа дейін темір не болмаса ашылмайтын ағаш қабірге салып апару шарт. Жер қойнына тапсырмас бұрын жасалатын салт-жоралғылар кезінде мәйітті қабірден шығарруға тыйым салынады. Жерлеуге тек марқұмның жақын туыстары қатыстырылады.
Жерлеу кезінде және мәйітті зиратқа алып баруға 5-7 адам ғана жіберіледі. Оларды өз кезегінде санэпидем қызметкерлері бақылайды.
Жерлеуге қатысқан азаматтар 14 күн бойы дәрігерлердің қадағалауында болады.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирустан екінші адам көз жұмғаны айтылған еді.