Қазақстанда коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысы 300 мың теңгеге дейін өседі
Сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі.
"Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді", - деді ол.
Ол сондай-ақ электр энергиясының қалай қымбаттайтынына тоқталды.
"2 бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1 620 теңгеге немесе 20%-ке артады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды. Сумен қамтамасыз ету бойынша орташа пәтердегі баға 200 теңгеге немесе 25%-ке көтеріледі", - деді ол.
Оның айтуынша, жалпы алғанда коммуналдық төлемдерге бұрынғыдан 2 бөлмелі пәтерде тұратындар 3000-4000 теңге көбірек төлейді.
"Тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% құрайды", - деді ол.
Осы тарифтердің қымбаттауы есебінен объектілер жөндеуден өтеді.
"Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік "Тарифты инвестицияға айырбастау" бағдарламасын жүзеге асыруда. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр",- деді ол.