Қазақстанда азапталған қырғызстандық Викрам Рузахуновтың денсаулығына келтірілген зиян "ауыр" деп танылды
Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін азапталған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов денсаулығына келтірілген зиянның "ауыр" деп танылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Викрам Рузахуновтың сөзінше, Бішкекте өзінің азапталуына қатысты тергеу аяқталған.
"Бішкек қаласы Ленин ауданының ішкі істер басқармасы менің ісім бойынша тергеуді аяқтап, бізді қылмыстық істің материалдарымен таныстырды. Сараптама нәтижесі бойынша сарапшылар денсаулығыма ауыр зиян келтірілді деп таныды. Жиналған материалдар Қырғызстан Республикасының бас прокуратурасы арқылы кінәлілерді анықтап, қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстан Республикасының құзырлы органдарына бағытталады", – деп мәлімдеді Рузахунов.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан азаматы – музыкант Викрам Рузахунов елдегі террорлық әрекетке қатысқаны үшін тұтқындалып, тергеу кезінде қылмысқа қатысы бар екенін мойындаған болатын. Алайда Қырғызстан Республикасы араша түсіп, әнші қамаудан босатылған еді.