Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда азаматтарға балағаттағаны және түкіргені үшін көше сыпыру міндеттелмек

Сенат депутаттары елімізде енді әлдекімге балағат сөз айтып, көшеде түкірген адамдарға жаза қатаңдатылатынын айтты. Олардың айтуынша, тәртіп бұзған қазақстандықтар көше сыпыруға мәжбүрлі түрде шығарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.соm

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын сенат екі оқылымда қарап мақұлдады. Заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қоғамдық жұмыстар әкімшілік жаза түрі ретінде енгізіледі.

"Қазір қоғамдық жұмыстарды қолдану Қылмыстық кодекс аясында қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес қоғамдық жұмыстар сотталған адамның арнайы біліктілікті қажет етпейтін, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық орындарда ақысыз қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауын білдіреді. Сонымен қатар Қылмыстық-атқару кодексінің 24-бабының негізінде түзету жұмысы түріндегі жаза, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту пробация қызметі арқылы сотталған адамның тұрғылықты жерінде жүзеге асырылады", – деді сенат депутаты Евгений Больгерт.

Заң жобасы "қоғамдық жұмыстарға тарту" түріндегі әкімшілік жазаны қолданудың ұқсас механизмін ұсынады.

Депутаттың айтуынша, бұл жазаны ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарды ластау, қоғамдық орындарда тиісу және басқа да 11-бап (Кiнә қағидаты) пен 15-құқық бұзушылық (Жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу) құрамы бойынша қолдануға болады. Сонымен қатар бұл жаза қолданылмайтын адамдар тізімі де қарастырылған. Заң әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша адамдарды мәжбүрлі түрде әкелу тәртібін, жаңа мән-жайлар бойынша істерді қайта қарауды, қысқартылған өндіріс істерін және кейбір құқық бұзушылықтарды сот шешімін талап етпейтін мемлекеттік органдардың құзыретіне беру тәртібін жетілдіреді.

Өзгерістердің нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 246-бабына (аудит жүргізу тәртібін бұзуы) және 247-құқық бұзушылық құрамына (аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұзу) түзетулер енгізіледі. Олардың ішінде жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, қоғамдық орындарды ластау, әдейі жалған шақыру жасау және басқа құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту көзделген.



Еске салайық, бұған дейін елімізде кешкі сағат оннан кейін елдің мазасын алып, тыныштықты бұзғаны үшін салынатын айыппұл 20 мың теңге жуықтайтынын жаздық.  Яғни + 1200 теңге. Сондай-ақ қоғамдық орында түкірген немесе белгіленбеген жерге қоқыс тастап, құқық бұзған адам да осы 19 мың теңгені төлейді. Ал мұғалімді не дәрігерді балағаттаған кісі 39 000 теңге айыппұл арқалайды. 

Талқылау