Ауылдағы су құбырлары бірнеше жылдан кейін істен шығуы мүмкін - сенатор
Сенатор Ернұр Әйткенов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында ауылдық жердегі су құбырларының істен шығуы мүмкін екенін айтып, ондағы олқылықтарды айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Ернұр Әйткенов су құбырларының негізгі проблемаларына тоқталды. Ол ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы мәнін жоятынын, ақшаның жоғалатынын, ал адамдар тазартылмаған су ішетінін айтты. Сонымен қатар мамандандырылған техниканың жоқтығына да тоқталды.
"603 ауылда сумен жабдықтау желісіне тән емес саладағы кәсіпорындар қызмет көрсетеді және су құбырлары әкімдіктердің қарамағында болады. Сапасыз техникалық қызмет көрсетудің салдарынан мембраналық суды тазарту жабдықтары үнемі істен шығып, сынып қалады. Бұл – суды тазарту жүйесінің толық құруына алып келеді. Мұндай қызмет көрсетуден кейін осы су құбырлары бірнеше жылда толығымен істен шығады. Соның салдарынан тазартылған судың орнына халық қайтадан тазартылмаған су ішеді. Яғни халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы өз мәнін жоғалтады және бөлінген бюджет қаржысы бостан бос жойылып кетеді", - деді Ернұр Әйткенов.
Сенатордың айтуынша, елдегі ауыз сумен жабдықтау мәселелеріне екі түрлі министрлік жауап береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – елді мекендердің ішінде, ал одан тыс жерлерде – Экология министрлігіне тиесілі. Депутаттың ұсынысы – бұл функцияларды бір мемлекеттік органда шоғырландыру болып отыр.
"Басқаруды ұтымды ету үшін сумен жабдықтау және су әкету жөніндегі функцияларды бір мемлекеттік органда шоғырландыру мәселесін шешу, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын желілер мен жергілікті су құбырларына қызмет көрсету жөніндегі республикалық деңгейде бірыңғай оператор құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Өйткені таза су – ең алдымен халықтың денсаулығы болып табылады", – деді сенат депутаты.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі