Қазақстанда атом электр станциясының қайда салынатыны белгілі болды
Энергетика министрлігі Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының Алматы облысындағы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында бой көтеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар жан-жақты зерттей келе бұл аймақты атом электр станциясын салу үшін қолайлы өңір деп таныған. Ауылдың өзі Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Кеңес дәуірі кезінде мұнда су электр станциясын салу жоспарланған екен. Алайда бастама аяқсыз қалып, тұрақты табыс көзі болмағандықтан, тұрғындар жан-жаққа көшіп кеткен.
Қазір елді мекендегі көпқабатты 20 шақты үйде ғана адамдар тұрып жатыр. "Атом энергиясын пайдалану туралы" заңның 12-бабына сәйкес, АЭС-ті салу туралы шешім сол ауылдың тұрғындарымен талқыланып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе мақұлдануы тиіс.
Энергетика министрлігінің ұсынған ақпаратында, Алматы облыстық мәслихаты нысанды тұрғызуға 2022 жылдың қараша айында-ақ келісімін берген. Дегенмен стратегиялық нысанды кім салатыны әлі нақтыланбады. Үміткерлердің арасында Корея, Франция, Қытай және Ресей бар.