Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерге барғандардың қаншасы жоғарғы білімді тегін алатыны белгілі болды

Әскерде борышын өтеген азаматтар енді тегін грантпен оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Жаңа жоба келер жылы іске асады. Бір жылда әскерге барғандардың 10%-ы жоғарғы оқу орнын тегін оқи алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап. 

сарбаз

Еліміздің қорғаныс пен жоғары білім және ғылым министрліктерінің ортақ меморандумға қол қоюы аясында әскери салаға жаңашылдық енгізіледі. Яғни Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар енді тегін мемлекеттік грант алуға мүмкіндіктері бар. Қазір 50-ге жуық ЖОО келісімге қол қойған. 

"Екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі, яғни Отан алдындағы борышын өтеген азаматтардың барлығы әскери борышын өтегеннен кейін екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік алады. Екінші жағдай, Отан алдындағы борышын өтеген азаматтардың ең үздіктері ЖОО тегін оқуға мүмкіндік алады", - дейді қорғаныс министрлігі БАҚ-пен жұмыс басқармасының бастығы Руслан Жангулин.

Қазір білім ордалары жауынгерлер тегін түсе алатын мамандықтар тізімін дайындап жатыр. Айта кетcек бұл мүмкіндікті әскери қызметті жақсы атқарғандар ғана пайдалана алады. Жауапты ведомство бұл жаңашылдықты жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін енгізді.

Оқу грантын беруде жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарайды. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етпейді.

Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгеріс енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылған сарбаздарға беріледі.

"Осы жоспарды ата-анаммен ақылдасып, Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, тегін оқығым келеді. Бұл негізі ұтымды жоба. Өйткені қазіргі уақытта көбісі Отан алдындағы борышын өтеуге бармайды. Колледж бітірген, бірақ оқуға түсе алмай жүргендерге бұл жақсы бастама деп ойлаймын", - дейді қала тұрғыны Дархан Абдуғалиев.

Жауапты министрліктің тағы бір бастамасы – әскерде борышын өтеп жүргендерге кредиттік демалыс беру. Яғни 13 айға дейін кредит төлеуді тоқтата тұру. Бұл азаматтарға әскерге баруға қосымша мотивация бермек. 

Талқылау