Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ескі көліктер саны 2 миллионнан асқан: Сарапшылар мәселені шешу жолдарын ұсынды

Қазақстандағы жеңіл көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан астам жүрілген. Елімізде 2 миллион 140 мың ескі көлік бар. Тұрғындардың жаңа көлік алуға шамасы жетпейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

2016 жылға дейін автокөліктер орташа есеппен 12 жыл қолданылатын. Сол кезеңнен бастап қайта өңдеу және бастапқы жинау енгізіліп, кедендік баж салығы көтерілді. Соның салдарынан баға бірнеше есе көтеріліп, қазақстандықтар ескі көлік ала бастады. 8 жылда тіркеу жарнасынан бір жарым миллиард доллар пайда келген. Бұл қаражатқа ультра заманауи үш автомобиль зауытын салуға болады.

“Баяғы автоөндірушілер барлық пайданы осыдан көріп отыр. Қазақстанда көліктің бағасы теориялық тұрғыдан арзан болуы керек еді. Бірақ ол Кореядағы көліктен қымбатырақ. Әкелу, кеден, т.б. Бізге бұл автоөнеркәсіп не үшін керек?” – деді тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков. 

Қазақстанда барлығы 4 миллион 700 мың көлік бар. Шығарылғанына үш жыл да болмаған көліктер саны өте аз. Шамамен сондай 300 мың көлік бар. Жеті жыл қолданылғандар – 590 мың. Ал 10 жылдан астам қызмет еткен 3 миллион 260 мың көлік бар. Сарапшылар төрт жаңа зауыт ашылса, жағдай өзгерер еді деп болжады.

“Ең болмағанда зауыт ашылып, 2025-2026 жылдары іске қосылса, мемлекет сатып алушыларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды әзірлеуі керек. Халық жеңілдетілген бағамен көлік сатып алуы үшін. Халықтың қазақстандық көліктерді сатып алуға мүмкіндігі болуы керек”, – деді автосарапшы Алексей Алексеев. 

Талқылау