Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау өтетін болды – Министр үндеу жариялады
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Ол биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Министр оқу бағдарламаларын жыл бойы табысты меңгерген еліміздің 3,8 миллионнан астам оқушысы келесі сыныптарға көшірілетінін мәлімдеді.
“Мектептің 1-10-сынып оқушыларына "Білімім Отаныма" тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр, жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуға тиіс.
Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында – "Ынтымақ айы" айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында "Таза Қазақстан", "Игі істер", "Каникулда кітап оқиық" және т.б. шаралар қарастырылған”, – деді ол.
Сонымен қатар, министр еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған "Соңғы қоңырау" іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.
“Биылғы түлектер аталған іс-шараны жоғары мәдениетпен, ысырапсыз, даңғазасыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетініне сенемін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз.
Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқарамаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін", – деп нақтылады Ғани Бейсембаев.
Бұған дейін ата-аналар министрдің соңғы қоңырау өтпейтіні туралы мәлімдемесіне наразы болған.
“Биыл 184 мыңнан аса түлек мектеп бітіреді екен, соның 36 189 түлегі, яғни жалпы түлектердің 20%-ы су тасқыны болған аймақтардан екен. Ол аймақтар түсінікті, бірақ түлектердің қалған 80%-ы неге соңғы қоңырау шарасына қатыспауы керек?! Олардың жазығы неде?” – деді ата-ана.
Айта кетейік, бұған дейін желіде мұғалімдерді пост жазуға мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Айтуларынша, оларға соңғы қоңыраудың өтпейтіні туралы шешімді қолдап пікір қалдыру талап етілген.