Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасындағы Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысатын спортшылар анықталды

Париж олимпиадасында Қазақстан құрамасында 67 жолдама болса да, сынға түсетін спортшылардың саны – 64. 64 спортшының басым бөлігі алғаш рет олимпиада ойындарына қатысқалы жатса, кейбіреулері үшінші олимпиадасына аттанады. Осы орайда Парижде өнер көрсететін Қазақстан құрамындағы олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысатын спортшылар туралы Stan.kz ақпарат агенттігі сараптама жасауды ұйғарды.

Фото: ҰОК

Спортты серік еткен әр спортшының арманы – олимпиада ойындарында өнер көрсету. Олимпиадаға қатысып қана қоймай, жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді. Сол арманның жететігінде жүрген қазақстандық спортшылар да жетеді. Париж олимпиадасына жолдама алған 64 спортшының 43-і үшін алғашқы олимпиада болса, 21 спортшы екінші, тіпті үшінші-төртінші  олимпиадасына қатысқалы жатыр. Мысалы, академиялық есуден жалғыз жолдаманы жеңіп алған Владислав Яковлев төртінші олимпиадасына қатысады. Ол алғаш рет Лондонда өткен олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, 28-орыннан көрінді. Араға төрт жыл салып, Рио төрінде де олимпиада жүлдесіне таласу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ Владислав үшін Рио олимпиадасы да аса сәтті болған жоқ. Отандасымыз Лондондағыдан да төмен нәтиже көрсетіп, 31-орынмен жарысты аяқтады. Токиодағы дүрмекте де бағын сынаған Яковлев жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Дегенмен алғашқы екі олимпиадаға қарағанда нәтижесін жақсартып, 19-орынға тұрақтады. Төртінші олимпиадасына жолдама жеңіп алған Владислав Париждегі додада фавориттердің бірі ретінде есептеледі. Кореяның Чунджу қаласында өткен Азия өңірінің лицензиялық турнирде 1-орын алған Яковлевтің төртжылдықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілетін соңғы мүмкіндігі. 

Екі бірдей олимпиада ойындарында жүлде алған санаулы спортшылардың қатарында Париж олимпиадасының қатысушысы Елдос Сметов те бар. Елдостың қазақ спорт тарихында тағы да тарихи жетістік тіркеу мүмкіндігі мол. Риода алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінген Сметов, Токио да тұғырдан көрінген еді. Бірақ алтын емес, қоланы қанағат тұтты. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы енді қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атану үшін Париждегі татамиде бақ сынайды. Үшінші олимпиадасына қатысатындардың қатарында қазіргі бессайыс спортының өкілі – Елена Потапенко да бар. Жекелей сында сайысқа түсетін Елена Риода 10-орын, Токио олимпиадасында 13-орын алып қалды. Енді Елена Париждегі байрақты бәсекеде жүлдегерлер қатарынан көрінуге үмітті. 

Қалған 18 спортшы мансабындағы екінші олимпиадасына қатысады. Сол 18-дің ішінде екеуі ғана алдыңғы, яғни Токио олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көрінген. Боксшы Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевтың Токио төріндегі жеңісі жанкүйерлердің жадында болуы тиіс. Грек-рим күресінің шеберлері Нұрсұлтан Тұрсынов пен Демеу Жадыраев, еркін күрестен Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмурзаев екінші рет олимпиада ойындарында бақ сынайды. Велошосседен Алексей Луценко, велотректен Сергей Пономарев, спорттық гимнастикадан Милад Карими, садақ атудан Ильфат Абдуллин үшін де Париж олимпиадасы мансаптарындағы екінші олимпиада ойындары болмақ. 

Семсерші Эльмир Алимжанов пен Руслан Курбанов та екінші олимпиадасына қатысады. Эльмир араға 12 жыл салып, екінші рет олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ол Лондон олимпиадасында шпагамен семсерлесу бойынша 9-орын алған еді. Ал Токиодағы бәсекеде 12-орыннан көрінген Руслан Курбанов Париж олимпиадасында негізгі фавориттердің қатарында тұр. 

Байдарка мен каноэде есу спортының өкілдері  Сергей Емельянов, Тимур Хайдаров пен Сергей Токарницкий және және стенд атудан Мария Дмитриенко мен Әсем Орынбай да екінші рет олимпиада ойындарында бақ сынайды. Ескекшілер Тимур Хайдаров (14-орын) пен Сергей Токарницкий (10-орын) Рио олимпиадасында өнер көрсетсе, Сергей Емельянов Токио олимпиадасында 12-орынға жайғасты. 36 жастағы Мария Дмитриенко трап бағдарламасы бойынша Рио олимпиадасында 9-орын алса, Әсем Орынбай Токиода скит бағдарламасы бойынша 26-орында қалды.        

Талқылау