Қазақстан Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысты ұстанымын айтты
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Reuters
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады.
"Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгерлер Голан биіктерінде штаттық режимде миссиясын орындап жатқанын мәлімдеді.
Ведомство жеке құрамның өміріне қауіп төніп тұрмағанын ерекше атап өтті.
"БҰҰ бітімгершілік миссиясын Голан биіктерінде орындайтын қазақстандық контингент штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жеке құрамның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Айта кетсек, 13 сәуірде кешке Иран Израильге сәуір айының басында Сириядағы Иран консулдығының жойылуына және жоғары дәрежелі Иран генералдарының өліміне жауап ретінде ондаған зымырандар мен екі жүзге жуық ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар ұшырды.
Иран-Израиль қақтығысына Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне жасаған зымыран соққылары себеп болды. Елшілік ғимараты қирап, ондағы бірнеше мәртебелі адамдар қаза тапқан еді.