"Қазақстан халқына" қорының төрайымы 2,4 миллион теңге тұратын костюммен ел алдына шығып, сынға ұшырады
Фото: Newtimes.kz
"Қазақстан халқына" қоры төрағасы Ләззат Шыңғысбаева Қызылордадағы іс-шараға қымбат киіммен барған. Ол киген Miu Miu маркалы пиджактың құны — 2,4 миллион теңге, ал Fendi брендінің шалбары шамамен 1 миллион теңге тұрады. Дегенмен бұл бұрын қордан қолдау іздеген сирек ауруға шалдыққан балалардың ата-анасының наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналардың айтуынша, қор 2022 жылдан бері тіркелмеген дәрі-дәрмектерді сатып алуға көмектесіп келген. Алайда биыл мамыр айында қаржының жетіспеуіне байланысты бұл қолдау тоқтатылып, қаражат басқа жобаларға бағытталғаны хабарланған. Дюшенн бұлшықет дистрофиясымен ауыратын балалардың отбасы сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілермен қамтамасыз ету мәселесін талқылау үшін "Қазақстан халқына" қорының басшылығымен кездеспек болған. Сөз болып отырған препараттар: Элевидис, Касимерсен, Этиплерсен және Голодирсен деп аталады.
Ірі мемлекеттік компанияларға тікелей жүгіну әрекеттері де нәтиже бермеген. Олар қаржылай көмек тек қор арқылы бөлінетінін айтқан.
Қазір "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрайымы қызметін Ләззат Шыңғысбаева атқарады. Әртүрлі өңірлерден келген ата-аналар онымен кездесу үшін арнайы Астанаға барған. Дегенмен қор тарапынан ешкім оларды күтіп алмаған. кездесуге де шықпаған. Кейін олар желіден Шыңғысбаеваның қымбат киім киген суретін көріп, ашуға булыққан.
Фото: Newtimes.kz
"Ол Қызылордаға бір іс-шараға барған сияқты. Әрине, сөз сөйлеуге. Бірақ ата-аналар оның бренд киімін байқаған. Егер сыртқы көрінісінің өзі мынадай болса, жалақысы қанша болуы мүмкін? Бұл сұрақ тудырады", – деді "Өмірге сен" қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі директоры Сабиля Шүгелова.
Фото: Newtimes.kz
Ресми бренд сайттарындағы бағаларға сәйкес, Fendi маркалы қара жібек шалбардың құны – 1300 фунт стерлинг (шамамен 944 мың теңге), ал Miu Miu пиджагы – 2,4 миллион теңге (қолданыстағы бағам бойынша).
Фото: Newtimes.kz
Дегенмен "Қазақстан халқына" қоры өкілі қор жетекшісінің киімі "түрік өндірісінің көшірмелері" екенін мәлімдеді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
