"Қазақстан азаматы емес": Экономика министрі ұлттық холдинг басшысына қатысты сауалға жауап берді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Бәйтерек" ұлттық холдингінің төрағасы қызметіне Ресей мен Ұлыбритания азаматтығы бар Қанат Шарлапаевтың тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бәйтерек" холдингі сайтының мәліметінше, Шарлапаев Ресей Федерациясы мен Ұлыбритания азаматтығына ие. Қуантыров Шарлапаевтың Қазақстан азаматтығы жоқ екенін растады.
"Кім ұсынғанын білмеймін, бірақ оның кандидатурасы Директорлар кеңесіне ұсынылды, осылайша шешім қабылданды. Менің ойымша, бұл жерде адамның халықаралық коммерциялық құрылымдарда, атап айтқанда, Ситибанкте жұмыс істегенін, оның ұстанымдарын назарға алды. Оның үстіне ол бір елде емес, белгілі бір аймақта жұмыс істеп, оған жетекшілік етті (Шарлапаев Ситибанктің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры болған). Ол несиелік операцияларды жақсы біледі", – деді Әлібек Қуантыров.
Министр жаңа басшыдан тың әрі өзгеше ойлар байқағанын жасырмады.
"Іскерлік корпоративтік тәсіл де көрініп тұр. Әрі қазақша жақсы сөйлейді, таң қаларлық. (...) Жаңа ойлау қабілеті бар, бюрократиялық құрылымды, оның ішінде ұлттық компанияны қозғап, оған оң өзгерістер енгізе алатын адамдар болған кезде, үрдіс жақсы жүреді", – деді министр.
Бірқатар ресейлік БАҚ холдингтің жаңа басшысының әкесі Бисимбай Шарлапаев Саратов облысында танымал аграршы екенін хабарлады. Ол Маркс ауданы жиналысының депутаты болған, бірақ 2016 жылдың қараша айында ол аймақтың ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарына пара бергені үшін сотталып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, миллион рубль айыппұл төлеген.
"Мен бұл туралы да естідім. Ол жақта не болғанын білмеймін. Мен бұл туралы кейінірек (тағайындалғаннан кейін) білдім", – деді Қуантыров.
Еске сала кетейік, Қанат Шарлапаев "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингінің төраға қызметіне тағайындалды. Ол 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) бітірген. Тағайындалғанға дейін Африканың, Таяу Шығыстың және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы "Сити" инвестбанкінің (БАӘ) стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры болды.