Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қызы Қытайда ең үздік телевизиялық актриса атағына ие болды

Этникалық қазақ қыз Риза Әлімжанқызы Қытайда “Үздік актриса” атанды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі The Paper порталына сілтеме жасап. 

Фото: thepaper.cn

Актриса Риза Әлімжанқызы Minning Town сериалындағы басты рөлі үшін беделді Fying Apsara Awards сыйлығына ие болды.

Басылымның хабарлауынша, Риза сахнадан режиссер мен түсірілім тобына бірлесіп жұмыс істегені және зор мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғысын білдірді.

"Minning Town" телехикаясы өткен жылы қаңтар айында Қытайдағы көрермені ең көп бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған еді. Оған Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болады. 

IMDb-дегі сериалдың рейтингі 10 мүмкін ұпайдың 8,5-ін құрады. Сонымен қатар сериал 23 номинацияның 8-ін жеңіп алды. "Үздік актриса" сыйлығы Риза Әлімжанға берілді. Сериалда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдайды. 

Риза Әлімжанқызы Қытайдың кино саласында Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен танымал. 2011 жылы "Чжэнь Хуань-ның кешулері" телехикаясы арқылы танылды.

Ашық дереккөз бойынша, Риза Әлімжанқызы 1986 жылы шілдеде Бейжіңде туған. Өнер жолын орта мектепте әуесқой модель болудан бастаған, 2002 жылы Бейжің кинематография институтын бітіріп, актерлікке бет бұрады.

Қытайдың Baidu іздеу желісіндегі дереккөздерге сүйенсек, таза қазақ отбасында тәрбиеленген. Қыздың ата-анасы Бейжің қаласының тіл орталығында жұмыс істейді екен.

Ал 2019 жылы "Чаңандағы бір тәулік" атты телефильміндегі рөлі үшін Қытайдың Huading байқауында ең "үздік актриса" атанады.

Талқылау