Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қызы алғаш рет Эверест шыңын бағындырмақ

Қазақстандық альпинистер командасы Kazakh Everest Team спорттық-патриоттық экспедициясы аясында Эверест шыңына шығуды жоспарлап отыр. Бұл экспедиция құрамында аталған шыңды бағындыратын алғашқы қазақ қызы болуды жоспарлаған Анар Бурашева де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: olympic.kz

Экспедицияны әлемге танымал альпинист Мақсұт Жұмаев басқарады. Ол өз мансабында сегіз мың метрлік 14 шыңды бағындырған. Оның тобы жеті адамнан құралған. Ішіндегі жалғыз әйел – Анар Бурашева.

Қазір команда соңғы дайындық кезеңін өткеріп жатыр. Жақында альпинистер климатқа бейімделу мақсатында Гималайдағы алты мың метрлік шыңдардың бірін бағындырған. Енді олар биіктігі жөнінен үшінші лагерьге көтеріліп, кейін Эверестке жол тартпақ. 

"Жоба аясында біз алты мың метрлік Айленд-Пик шыңына шықтық. Бұл Эверестің маңында. Денеміз жоғары гипоксия жағдайына үйренісіп, климатқа бейімделу үшін осы қадамға бардық. Қазір Эверестің базалық лагеріндеміз. Түрлі дайындық кезеңдерінен өтіп жатырмыз. Атап айтар болсам, Кумбу мұздығында дайындалып жатырмыз. Климатқа бейімделудің соңғы кезеңінен өту үшін үшінші биіктік лагері құрылғанын күтіп жүрміз. Сол жерде түнеп, кейін демалу үшін төменге түсеміз.

Команданың көңіл-күйі керемет. Ұлттық Олимпиада комитетінің туы да біздің қасымызда болғаны қуантады. Геннадий Головкинді шын жүректен қолдаймыз. Құдай қаласа, барлық қазақстандық үшін осы шыңды бағындыратымызға сенемін. Анардың барлық қызға үлгі болғанын қалаймын. Осы сапарымыз арқылы еңбек жолында жүрген барлық спортшы мен олимпиадашыларды қолдағымыз келеді", – деді Жұмаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Елена Рыбакинаның Штутгарттағы беделді турнирде жеңіске жеткенін хабарлаған едік. Ол финалда украиналық Марта Костюкті 6:2, 6:2 есебімен жеңді.

Ал жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, Штутгардтағы турнирді екі рет жеңген Ига Швентектен (Польша) үш сетте басым түскен. 

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Штутгарт турниріндегі жеңісімен құттықтады.

Талқылау