Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Наймандар моңғолдардан тарамаған": Ғалымдар қазақ рулардың шығу тегі мен кімнен тарағанын айтып берді

Кеңес дәуірінде қазақтарда айтылмайтын тақырып шежіре тарқату еді. Сол кезеңнің ғалымдары қазақтың шығу тегін мифқа балап, тарихи шындыққа жатқызбаған. Бұл туралы тарихшы Радик Темірғалиев Stan.kz тілшісіне "шежіре" ұғымының мағынасын анықтап, қазақтың генофонды қашан қалыптасқанын айтып берді. Ал бір отбасындағы ер адамға қарағанда неліктен әйелдің хромосомалары көбірек екенін адам генетикасы зертханасының маманы Мақсат Жабағин толығырақ тарқатты.

Фото: copilot.microsoft.com / жасанды интеллект көмегімен жасалған

“Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Шәкен Айманов бір атадан тарады”

Тарихшы Радик Темірғалиевтың айтуынша, шежіре – генеалогиялық тұрғыдан туыстық таралымды негіз ететін қазақ халықтарында қалыптасқан терең ұғым. Ежелден қалыптасқан қағида бойынша шежіре ер адамның ата-бабасымен тарайды. Ол бұдан бөлек қазақтардың ата-тегі әке жақтан емес, ана жақтан да таралатынын айтып отыр.

“Ғалымдардың бірлескен тобы қазақтың жеті атадан тараған шежіресін ДНҚ арқылы анықтауға болатынын зерттеді. Қазір "ДНҚ-шежіре" жобасы барысында қазақ шежірелерін қайта түсіндіруге болатыны, сенімнің тарихи критерийі ғана емес, биологиялық сипаттағы критерийлері де бар екені анықталды", – деді Радик Темірғалиев.

Радик Темірғалиевтың айтуынша, қазақтың көптеген руы мен тайпасы бір атадан тараған. Ғалым еркектердің гаплотоптарын зерттей келе, қазақтың әр руында осы атаның арғы тегі болған доминантты гаплотоп (тікелей линиядан таралатын (Y-хромосомалық және митохондриялық) ДНҚ-дағы белгілі бір генетикалық маркерлер арқылы анықталуы мүмкін адамдар тобы) болып шығатынын айтты.

"Көбіне бұл рулардың негізін қалаушылардың өмірі Қыпшақ хандығы мен Алтын Орда дәуірінен басталады. Бұрын кеңестік дәуірде шежіреге күмәнмен қарады және көп ақпарат сүзгіден өткізілмеді. Себебі сол кезеңнің зерттеушілері мұны мифпен байланыстырды. Ал қазіргі қазақ ғалымдары шежіренің 80-90%-ы расталды деп айта аламыз. Осыған орай генетиканың көмегімен шежіре қай жерде нақты тараған, ал қай жерде сәл мифологиялық сипатта болғанын аңғара аламыз. Алаш қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Шәкен Аймановтың гаплотобы бір атадан тарады деген зерттеуі дәлел бола алады. Екеуі де арғын руынан шыққан және бабалары ағайынды болған. Осылайша, Сұлтанмахмұт пен Шәкеннің әкелері – Шоқпыт пен Кенжетай, аталары – Бөкет пен Айман би, арғы аталары Әбет би мен Ақын би, бабалары – Торайғыр би мен Шоң аға сұлтан, түп аталары – Едіге би, тек аталары Төлебай батырдан тараған", – деді тарихшы.

Фото Радик Темірғалиевтің жеке архивінен алынған

Радик Темірғалиев көптеген қазақ руының әр жерден шыққаны, саяси себептермен "бірігіп кетті" деген болжамды жоққа шығарды. 

"Әр түрлі нұсқа бар. Мысалы, адайлардың алшындарға туыс емес екені анықталды, өйткені олар дайлардың ұрпақтары болып шықты. Ал беріштер половец-бурчевичтерден тараса, шеркештер негізінен кавказдық черкестерге жатады", – деді ғалым.

“Наймандар түркі халықтарынан шыққан”

Сонымен қатар ғалым наймандар мен қыпшақтарда бірде-бір басым гаплотоп жоқ екенін айтты.

"Наймандарда немесе қыпшақтарда бірде-бір басым гаплогруппа жоқ, олар әртүрлі. Өйткені мұндай тайпаларда ру болмаған, керісінше, олар өз-өзіне тәуелсіз мемлекет құрған халықтар еді. Ал мұндай халықтардың әрқайсысы рулардан тұрды. Қазір қазақтың құрамына енген наймандар немесе қыпшақтар – сол ежелгі халықтардың ұрпақтары. Ал еліміздегі қазіргі наймандар арасында екі гаплотоп кездеседі. Ру деңгейінде Төлегетай руына гаплотоптың 70%-ы тән болса, Сарыжомарт руында 61%-ы жиі кездеседі. Генетикалық жағынан азиялық халықтардан шыққан Қазақстан наймандары ішкі мен шығыс Моңғолияда тұратын Үзімчиндерге ең жақын деген деректер айтылды", – деді Радик Темірғалиев.

Фото Радик Темірғалиевтің жеке архивінен алынған

Алайда Радик Темірғалиев наймандар түркі халықтарынан тарағанын айтып, дәлел келтірді.

"Этнограф Николай Аристов наймандар түркі халықтарынан тарады, себебі барлық билеушілерінде түркі титулдары және атаулары болды деп көрсетеді. Алайда белгілі шығыстанушы Бартольд бұл руды моңғол тілдес халық деп есептейді", – деді Радик Темірғалиев.

Радик Темірғалиев қазақтардан бөлек шежіре ұғымы түркі тілдес халықтар арасында башқұрт, өзбек, тәжік, қырғыз, қарақалпақ және тағы басқа халықтар ерекше қастерлейтінін айтты. Аталған халықтармен бірге түбі бір туысқан халықтары ішінде шежіре ұғымына татар халқы да жете мән беріп қарайды.

Қазақтардың аталық генофонды қалай қалыптасты?

Ал адам генетикасы зертханасының ғалымы Мақсат Жабағин генетикада салыстырмалы түрде популяцияны сипаттау үшін қолдануға болатын үш туыстық жүйе бар екенін айтты.

  1. Митохондриялық ДНҚ тікелей аналық линия;
  2. Ү хромосомасының полиморфизмі (жынысты анықтайтын 46 хромосоманың 1-еуі әкеден балаға өзгеріссіз беріледі) тікелей аталық линиядан;
  3. Аутосомалар – барлық хромосомаға негізделген жалпы генетикалық портрет.

“ДНҚ салыстырылатын деректер базасы неғұрлым үлкен және әртүрлі болса, нәтижелер соғұрлым дәл болады. Қазіргі заманғы ДНҚ талдау әдістері өте дәл, бірақ шектеулер бар екенін атап өткен жөн. Мысалы, аутосомды сынақтар жалпы ата-бабалардың құрамын қамтамасыз ете алады, бірақ нақты этникалық топтарды, әсіресе, олар генетикалық жағынан тығыз байланысты болса, кейде дәл анықтай алмайды. Сондықтан мұндай нәтижелерді сақтықпен зерттеу керек", – деп жауап берді Мақсат Жабағин.

Мақсат Жабағиннің айтуынша, интуитивті түрде қазақтар ерте заманнан-ақ генетика заңдылықтарын сақтаған. Өйткені көптеген тектер экзогамиялық (туыстас, ағайындас отбасылар арасында немесе жақын жерлестер арасында некелесуге тыйым салу) болған. Сондықтан қазақтар "Жеті атаның" қағидасын берік ұстанып, алыс жерден, басқа рудан келін алуға тырысқан.

Бұдан бөлек Мақсат Жабағин Қазақстанда гаплотоптардың қалай қалыптасқанын айтып берді.

Фото Мақсат Жабағиннің жеке архивінен

Бұл белгілер ұрпақтан ұрпаққа беріледі және ұзақ уақыт бойы салыстырмалы түрде өзгеріссіз қалады. Сөйтіп зерттеу нәтижесінде Ү хромосомасының өзгергіштігі қазақтардың аталық генофондының құрылымында маңызды рөл атқаратыны анықталды. Қазақ шежіресі миф емес, оның көптеген тарихи-генеологиялық дерегі генетикалық расталған", – деді адам генетикасы зертханасының ғалымы. 

Мақсат Жабағиннің зерттеуіне сенсек, филогенетикалық талдау арқылы (молекулалық тізбектер туралы мәліметтер де қолданылады) ер адамның хромосомалық тобы ұрпақтар үшін “негізін салушы” қызметін атқаратыны дәлелденді.

"Мысалы, Арғын руына – G1a-L1323, Алшын – C2a-Y15552, Қоңырат – C2b-ZQ402  үшін ашылған. Қазақ руларының осы негізін қалаушы ата-бабаларының көпшілігі генетикалық жағынан Жошы ұлысының әмірлері мен бектерінен тараған. Y-хромосоманың өзгергіштігін зерттеу Еуразияның басқа халықтарымен генетикалық туыстық байланысын анықтауға ықпал етті. Бұл ретте Y-хромосома (ер адам) адамның 46 хромосомасының 1-еуі ғана екенін есте ұстаған жөн. Басқа хромосомалар да ұжымдық түрде популяция генофондының қалыптасу этногенетикалық процесін ашып, генетикалық тектік компоненттер туралы мәлімет береді. Осылайша, геномдық тұрғыдан бар зерттеулер қазақ руларының қалған хромосомаларында ешқандай айырмашылық жоғын көрсетеді, яғни "біртекті генофонд" анықталды", – деді Мақсат Жабағин.

Хромосомалардан басқа адамда тек аналық линия арқылы тұқым қуалайтын митохондриялық ДНҚ бар. Ол – мтДНҚ-сы. Бұл туралы аз зерттелгенімен, қолда бар деректер әртүрлілікті, сәйкесінше Еуразияның басқа халықпен үлкен туыстық қарым-қатынасты орнатқанын аңғартады.

"Генетикалық зерттеулер адамның арғы тегінен өзіне қандай дағдылар мен ақпарат берілгенін білуге болады:

  • Мінез-құлық;
  • Эмоция;
  • Таным.

Геномды цифрландыру генетикалық ақпараттың құпиялығына, генетикалық деректерге негізделген кемсітушілікке және геномдық технологияларға қол жеткізуге қатысты маңызды этикалық мәселелерді көтереді. Бұл жеке құқықтарды қорғаудың жаңа құқықтық және этикалық стандарттарын әзірлеуді талап етеді", – деді Мақсат Жабағин.

Талқылау