"Қазақ десе тілі келмейді, орыс десе түрі келмейді": Бір топ өнер адамдары FM Business радиосының басшысын сынады
Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы кезінде Алматыда медиа-құрылтай өтті. Онда "Масс медиа туралы" заң жобасы талқыланды. Жиында "Қазіргі қазақ әндері радионың форматына келмейтінін" айтқан FM Business радиосының басшысы Рустам Мақсұтов оңбай сөз естіді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Радио басшысының пікіріне алғаш болып реакция білдірген Сәкен Майғазиев болатын.
“Ей, қазақ ұлтының, қазақ тілінің дұшпандары, сендерге не жетпейді?! Қара ниетің мен дүбәрә тіліңе ие бол! Қазақ мәдениеті мен қазақ әдебиетінің сенің саяз санаңа сіңбегегіне қазақ халқы кінәлі емес. Жақсылық жақпаса басқа жаққа көшіп кет! “Бизнес фм” радиосының "талғамы биік" продюсер сымағы, қазақ руханиятынан тілің мен қолыңды тарт! Қазақ музыкасы сендей дүбәралардың тыңдағанына мұқтаж емес. Сен кімісің, бір-екі топқа немесе әншіге ғана емес, күллі қазақ музыкасына баға беретін?! “Қазақпын” дейін десе тілі келмейтін, "орыспын” дейін десе түрі келмейтіндер, нағыз ҚАЗАҚ қоғамының зиянкештері сендерсіңдер, мәңгүрттер!”, – деп желіде ашуланды.
Сондай-ақ, актриса Салтанат Бақаева да әріптесінің сөзін қолдады.
“Сұмдық қой, мынау! Бұрынан мына радионы тыңдамайтын едім. Енді мүлдем аулақ жүреміз! Сіздерді де тыңдамауға шақырамын”, – деді актриса.
Одан кейін продюсер, әнші Қыдырәлі Болман да спикердің сөзін “талғамың тұман” деп сынап жатыр.
“Мен сахнаға аяқ басқалы 30 жылдан астам уақыт бойы елімнің мәдениетін дамыту үшін күресіп келемін. Бір де бір жобам пайда үшін жүзеге асырылмаған.Қарақат мектебі бір ғасыр жоғалып кеткен жетіген аспабын ұрпақ санасына сіңіру,рухани жүректерін дамытуға арналса,балбала ойыншықтары қазақ тарихында болмаған, ел боламын десең,-бесігіңді түзеу үшін жасалған. АБК тобындағы құру мақсатымыз – қазақ әндерін насихаттау үшін. “Тамшылар” әні куә !
Сол кезде-ақ осындай адамдар басқа тілді әндерді насихаттап, қазақ әндерін шеттетіп,-эфирға шығармайтын. Қазақ әндерін түнгі 00:00 ден таңғы 6:00 ға дейін тыңдаңдар деген. Солай болды да. Қайтадан сол кезге алып келіп, өз отанымда сүмірейіп, сенің “вкусыңдағы” әндеріңді тыңдап, үндемей отырғанша, ана тілім үшін алысып өлгенім артық. Әлем мойындаған Англия королевасының “Алтын ордені” иегері “Ұлытау” тобы, қазақ әндерін брилиант дауысымен орындап, бүкіл әлемге бас идірген Димашымыз тұрғанда сенің радиоңның бізге керегі шамалы. Айтарым көп ! Уақыт аз. Бүкіл әлемге Құрманғазыны тыңдатқан маған, сенің “бкусың” өтпейді. Қандай “вкус” туралы айтып тұрғаның да түсініксіз тұман. Бізді аяқтап шалған радионың бәрі жабылған. Сен де алысқа бармайсың”, – деді продюсер.
Айта кетейік, радио басшысының сөзі тек өнер адамдарына ғана әсер етіп жатқан жоқ. Қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары да сынап жатыр.