Қазақ әндерін кемсітті деп сынға қалған "Бизнес FM" радиосының директоры халықтан кешірім сұрады
Қазақ әндері радио форматына сәйкес келмейтінін айтып, сынның астында қалған "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтов өз сөздеріне түсінік берді. Ол cондай-ақ айтқан сөздері үшін көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бәрі неден басталды?
"Масс-медиа туралы" заң жобасын талқылау отырысында Рүстем Мақсұтов мейрамханалар мен кафелерде ойналатын қазақ әндері радиостанция форматына сәйкес келмейтінін айтқан. Ол әрбір тыңдарманның өз талғамы бар екенін мәлімдеген, ал көпшілік бас директордың бұл сөздерін “талғамсыз тыңдарман” жайлы отыр деп қабылдады.
“Егер біз тіл мәселесі туралы айтатын болсақ, онда ("масс-медиа туралы"заң жобасында – ред.) бізге әндердің көпшілігін қазақ тілінде тарату керек деген норма болды. Бірақ, өкінішке орай, радиостанция мен оның тыңдаушыларының өз талғамы бар. Яғни, шын мәнінде, қазір қазақ тілді аудитория үшін шығарылатын әндер көбінесе біз қоятын талаптарға сәйкес келмейді. Яғни, бұл негізінен мейрамханаларда, кафелерде естілетін әндер және олар біздің форматқа сәйкес келмейді”, – деген еді Мақсұтов.
Бас директордың өзін-өзі қорғауы
Бұған дейін Рүстем Мақсұтовпен тілдескенімізде ол өзін-өзі қорғау үшін сотқа жүгінгенін және сөздерінің ақ-қарасын ажырату мақсатында филологиялық сараптама жасататынын айтқан.
- "Қазақ десе тілі келмейді, орыс десе түрі келмейді": Бір топ өнер адамдары FM Business радиосының басшысын сынады
- Қазақ тілін "мамбеттердің тілі" деп атаған Алматы тұрғыны желі қолданушыларының ашуын тудырды
Мақсұтов жақында филологиялық сараптаманың нәтижесі шыққанын және онда оның сөздері ақпараттандыруға бағытталғаны анықталғанын жеткізді.
“Рүстем Мақсұтовтың бейнежазба арқылы көрсетілген сөздерінде ұлт араздықты қоздыру белгілері жоқ. Азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері жоқ. Рустам Мақсұтовтың сөздерінде қазақ тілінің беделін түсіретін белгілер табылмады. Қазақстан Республикасында қазақ тілін шектеу қажеттілігі туралы сөз айтылмаған”, – делінген Мақсұтовтың өзі оқып берген сот сараптама нәтижесінде.
Рүстем Мақсұтов алайда қазақша әндер туралы айтқан сөздері көпшіліктің көңіліне тиіп кеткенін мойындайды. Ол таралған бейнежазбада “мен қазақша әндерді жақсы көрмеймін” деп айтпағанын алға тартады.
“Менің сөздерім екі жақты қабылданды. Бұл менің кінәм және мен оны мойындаймын. Мен бұл сөздерді айтқан кезде ойымда мүлдем басқа ниет болды. Осы сәтте мені қолдағандар болды және керісінше мені даттағандар да табылды. Сол азаматтардың алдында ресми түрде кешірім сұраймын. Өз-өзіме деген сенімділіктің құрсауына түсіп қалғандай күйдемін. Мен қателік жасағанымды мойындаймын. Мен сізден кешірім сұраймын”, – деді "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры.