"Қайрат Нұртасты ешқашан тыңдаған емеспін": Қарағанды әкімі әншінің ілініп тұрған афишаларына наразылығын білдірді (видео)
Желіде Қарағанды әкімі Мейрам Қожықовтың Қайрат Нұртасқа деген көзқарасы туралы мәлімдемесі түсірілген видео тарады. Шенеуніктің айтуынша, концертке шақыратын афишалар дұрыс емес жерде орналастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мейрам Қожықов қала тұрғындарының жарнаманы кез келген жерге орналастыратынына наразы. Айтуынша, бұдан әсіресе аялдамалар зардап шегеді. Олар жарнаманы ілер кезде скотч немесе шеге қолданады.
"Олар жарнаманы ғимараттарға, өткелдерге, аялдамаларға жапсырады. Негізі олай болмауы керек! Мен Қайрат Нұртасты ешқашан тыңдаған емеспін. Өйткені оның әдемі жүзі көрсетілген жарнама әр жерде орынсыз ілініп тұрады. Барлық аялдамаға оның жарнамасы жабыстырылған”, – деді әкім.
Әкімнің сөзінше, афишаның бәрі бір жерге ілініп тұрса, қаланың көркін бұзады.
“Осы әрекеті үшін қала тұрғындарын жазалайтын уақыт жетті. Жарнама авторларына қоңырау шалып, олардың жарнаманы дұрыс емес жерге орналастырғанын хабарлаңыздар. Барлық жерде афиша", – деді әкім қазақ әншісінің суреті салынған афишаны нұсқап.