Қайрат Құдайберген тергеу изоляторында өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді
Алматы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергенге тергеу изоляторында қысым көрсетілген. Бұл туралы қорғаушысы Мұрат Амитов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қорғалушым Қайрат Құдайбергенге барған кезде ол Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобының қызметкері келіп, өзіне моральдық және психилогиялық қысым көрсеткенін, ар-намысын аяққа таптағанын айтты. Бұл қызметкер менің қорғалушыма сес көрсетіп, қажетті түсініктеме бермесе, Қайраттың ұзаққа қамалатынын айтқан", – деп жазды қорғаушы Амитов әлеуметтік желіде.
Қайраттың қорғаушылары тиісті құзырлы органдарға шағым түсіретінін мәлімдеді.
Алматы прокуратурасында Құдайбергенге қатысты тергеу шараларының қылмыстық-процессуалдық заңнама аясында жүріп жатқанын айтты.
"Мұнымен қоса аталған деректер тексеріліп, құқықтық бағасы беріледі", – деп түсіндірді прокуратурадағылар.
Айта кетейік, 22 сәуірде Қайрат Құдайбергеннің қамауға алынғаны белгілі болған еді. Депутатқа Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты (ҚР ҚК 272-бабының 1 және 2-бөлігі) деген айып тағылған.