Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қате статистикалық дерек үшін айыппұл төленеді – Қазақстанда статистика туралы заң күшейтілді

Маусым айынан бастап қазақстандықтар статистикалық есептілікті тапсыру кезінде біраз жаңашылдықтарға тап болады. Қате немесе уақытылы ұсынылмаған деректер үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://stopfake/ru

6 сәуірде президент "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістерге қол қойды. Бұл өзгерістер 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа түзетулер статистикалық деректердің уақытылы және дұрыс берілуін қамтамасыз ету шараларын күшейтеді.

"Кейінгі жылдары ұсынылатын бастапқы статистикалық есептілік сапасының төмендеуі байқалады. Сондықтан мемлекет субъектілердің олар ұсынатын деректер үшін жауапкершілігін белгілі бір жолмен қатаңдатуға мәжбүр", – дейді стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы Сырым Мәдиев.

Оның айтуынша, дұрыс берілмеген сатистикалық дерек қоғамның дамуына үлкен кедергі келтіреді.

"Бір қарағанда, мемлекеттік статистика органдарының жұмысы көзге көрінбейді. Бірақ қоғамның жұмысын жоспарлауы және қамтамасыз етуі біз жинайтын және өңдейтін мәліметтерге тікелей байланысты. Біздің өміріміздің жайлылық деңгейі тұрғындардың саны, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері, кәсіпорындар өндіретін өнім көлемі, әртүрлі аймақтардағы жалақы деңгейі және басқа да біз жинайтын және өңдейтін көптеген деректерге байланысты. Ал қате деректер болып жатқан оқиғалардың жалпы көрінісін бұрмалайды және қоғамның дамуына кедергі келтіреді", – деді Сырым Мәдиев.

Мәселен, электр қуатымен қамтамасыз ететін тоғыз ірі және орта кәсіпорынның қызметін алсақ, ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1 228 032 мың кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Осы тоғыз респонденттен бастапқы статистикалық есепті алған кезде мамандар берілген ақпаратты тексереді. Оның әдістемеде белгіленген форматы мен логикалық бақылауға сәйкестігі, өлшем бірліктерінің дұрыстығы тексеріліп, көрсеткіштер өткен есепті кезеңмен салыстырылады.

"Егер кейінгі айлардағы есепте респондент электр энергиясын өндірудің наурыз айындағы көлемінен асып кетсе немесе керісінше оны азайтса, статистика департаментінің мамандары олардан өсу немесе кему себептері туралы ақпарат сұрайды. Содан кейін өңделген ақпарат ұлттық статистика басқармасына жіберіледі және пайдаланушылар үшін жиынтық есеп түрінде жарияланады", – дейді маман.

Қате статистикалық дерек жіберілгені анықталған жағдайда, статистикалық нысанға түзету енгізу қажет екені туралы хабарлама жіберіледі.

Статистикалық деректі қайта ұсыну немесе ұсынылған деректердің дұрыстығын растау үшін қосымша ақпарат беру арқылы түзетулер енгізуге болады. Бұл мақсатқа бұған дейін екі күн берілсе, қазір тек бір жұмыс күнінде жүзеге асырылуға тиіс. Қате дерек қайта ұсынылса, айыппұл салынады.

Егер респонденттер кестеде көрсетілген мерзімде бастапқы статистикалық деректерді ұсынбаса, бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан енді азаматтар статистикалық есептілікті толтыру кезінде жауапты және бастапқы статистикалық деректерді ұсыну мерзімдеріне мұқият болуы керек. Айыппұл сомасы субъектілердің мөлшеріне байланысты.

Талқылау