"Kaspi bank менеджерлері" хабарласуда: Қазақстандықтар алаяқтардың әрекетіне шағымдануда
Өздерін Kaspi bank менеджерлері деп таныстырған алаяқтар қазақстандықтардың мазасын алуда. Олар банк клиенттерінің жеке деректеріне қол жеткізу үшін тұрғындарға SMS хабарлама жолдайтын көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Өзін Kaspi.kz-тің карта бөлімінің қызметкері деп таныстырған алаяқ хабарласты. Айтатындары сол баяғы: "Қосымша арқылы ақша аудардыңыз ба?" Әрине, ешқандай ақша аудармағаныңызды айтасыз. Қанша сома деп сұрамады, бірақ сөзіне құлақ түрсең, расымен банк қызметкері деп ойлап қаласың", - деп жазады желі қолданушысы.
Хабарласқан адам телефонға SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайтын сыңайлы.
"Алаяқтар әңгіменің өрбуіне орай неше түрлі сұрақ қойып клиентті алдау схемасын құрастырады. Мысалы, олар сіздің ақша аударғаныңызға немесе төлемге алаңдаушылық білдіруі мүмкін.
Арам пиғылдардың жүзеге асырғысы келетіндер азамат жайлы деректерді әлеуметтік желі немесе танымал мессенджерлер арқылы біліп алуы мүмкін. Сондықтан интернетке ақпарат жариялар кезде сақ болған жөн. Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қарапайым ережелерді естен шығармаған дұрыс", - деді Kaspi bank өкілдері.
Мұндай жағдайға кезіксеңіз не істеу керек? Хабарласқан адаммен байланысты үзіп, банкке хабарласаңыз. Өзіңізге жақын орналасқан банк бөлімшесіне барып, алаяқтық жайлы ресми түрде хабар берсеңіз тіпті дұрыс болады. Алаяқпен әңгіме жалғастырудан аулақ болыңыз.
Банк қызметкерлері белгілі бір ережелерге сәйкес қызмет етеді. Олар ешқашан бірінші болып клиентке хабарласып, азаматтардан ақша аударымы жайлы немесе SMS арқылы келген кодты сұрамайды.