Қасқырға қарсы тұратын тазы баптамақ: ШҚО тұрғыны еліміздегі ең жүйрік тазыны асырап отыр
Заманында италиялық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын иті туралы тамсана жазып еді. Бүгінде жас та болса қазақи құндылықты биіктетіп жүрген жерлесімізге біз таңғалдық. Қазақстандағы ең жүйрік тазының иесі қазір жаңа жоспарын бекітіп, сайыстарда бақ сынауды мақсат еткен. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан қаласының тумасы Мансұр Қанатбекұлы ит жүгіртуден талай биікті бағындырып, көпшілік көзайымына айналып үлгерді.

Тұрбада жатқан түлкілерді тауып алады
Барлығы ағаларының жолын қуып, соларды үлгі тұтудан басталды. Атасы да аңшылықтың түбін түсірген ақсақал болған екен. Қысқасы, тазы өсіру әулетінде бар. Ең бірінші күшігін Мансұр 2015 жылы алыпты. Содан бері ұққаны, аңшылықтың кереметі – қапалақтап жауған қардан кейін ақ көрпенің бетіндегі самсаған іздің соңына түсу. Осыдан 7-8 жыл бұрын Шығыс Қазақстан аудандарында ит жүгіртуден жарыстар ілуде біреу өткізілетін. Ағаларының қолдауын медеу еткен Мансұр бұл кезде аңшылыққа ден қойған. Тазының арасында мықтысын сұрыптауды 12-13 жасында бастады.
Айтуынша, күшік кезінде аңға баулыған қиын. Мұның бірнеше әдісі бар. Соның бірі – ауызданған, тағымен жолы түйісіп үлгерген тазыларға ілестіріп шығу. Кейіпкеріміздің айтуынша, түлкілер тұрбаларда жатады. Ал тәжірибелі тазылар іннен бастап, осындай жерлердің барлығын сүзіп шығады.
Жиырмаға аяқ басқан жігіт туған өлкесі аң-құстарға бай екенін айтты. Аңшылық маусымы кезінде тазы ертіп шығып, ет-майы іркілдеген борсық пен елік алып, қанжығаны майлауға болады дейді.
“Түлкілер қарға бір аунаған соң түлеп, теріленіп, әп-әдемі болып шығады. Алғаш қар жауғаннан кейін аңшылық ауаны соларға ауады”, – деген жерлесіміз тағының ізіне басқа ит тұқымдарын ертіп шықпайтынын жеткізді.
“Тазы – әмбебап. Өзі жүректі әрі жүйрік. Інге кіргізбейміз, даладағы аң ғана тазынікі”, – дейді ол.

Жүйрікке керегі жылы орын
Мансұр 7-сынып бітіргенде Зайсаннан Өскеменге қоныс аударған. Қазір ағаларымен бірге айналасын жота мен қыр қоршаған Ахмер кентінде тұрады. Жыл өткен сайын тәжірибе жинап, ит жүгірту де қолға алына бастады. Күз бен қыс айлары аңшылық үшін таптырмас кез, тазы иелері бар назарын жазық пен жотада жортқан қоян мен түлкіге аударса, ең жүйріктері көктем мен жазда анықталады. Жалпы, ит жүгіртудің қыр-сыры қалай, ең жылдам тазыны қалай анықтайды?
“Заман талабына сай мотоцикл немесе көліктің артына шырға ретінде түлкінің терісі мен электронды қоян байлап тартады. Белгі берілген соң аңқұмар тазылардың арындап алға ұмтылғанын көреміз. Ал кейбірін күшік кезінде үйретеді. Қоян мен түлкі терісін нысана қылып тартып, соны тістетіп дайындайды”, – дейді ол.
Қарағанды өңіріне қарасты Абай ауданында өткен ит жүгірту жарысы Мансұр баптаған "Құйын" атты ұрғашы тазы үшін сәтсіз аяқталды. Алғашқы жарыста жүлдесіз. Қарағанды аймағы Өскеменнен жарты сағаттық жер емес, барып-келгенше 2000-ға жуық шақырымды еңсереді. Қызығы сол, иен далада желдей ескен есті жануар үшін ұзақ сағаттап көлікте жату бойына біткен төзіммен өлшенеді екен. Барғанша өзі жатқан жерді былғап, қыңсыламайды, тек жатар орны ыңғайлы әрі жылы болса жеткілікті.

"Басыма қонған бақтай"
Тек жарыс кезінде емес, күнделікті аңшылық алдында да сезімтал аңның жылы орында ұйықтауы маңызды. Сонда ғана аңшылық кезінде күні бойы тоңбай, суыққа шыдас береді. Аңшы ит болған соң тазының негізгі қорегі – ет. Қансонар алдында осы жағына басымдық беріп, сорпа да ішкізеді. Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Мансұрдың айтуынша, Шығыста шашақ құлақтыны көбірек ұстайды.
“Себебі, аязға төзімді. Ал жарғақ құлақты тазы тек жылы жаққа бейім, жүні тақыр. Олар көбінесе Ақтөбе, Орал, Атырау жақта бар, көнеден келе жатқан тұқым. Итке ат қойғанда да ырымға басамыз.
Құстай ұшсын деп "Лашын", "Желқанат", "Құйын", түр-сипатына қарап, "Шағала", "Көкқасқа" дейміз”, – деді кейіпкеріміз.
Қазір жерлесіміз үшін "Көкқасқаның" орны бөлек. Төртінші қар басқан арлан биыл өзі қатысқан жарыстардың барлығында топ жарды. Астанада "Асыл қазына" федерациясы ұйымдастырған ел чемпионаты мен Аягөзде өткенде сайыста бірінші орын алып, жылқы ұтты. Қараша айында Үржар ауданында өткен Әлем чемпионатында да "Көкқасқаның" алдын орайтын ешкім болмады. Арқада өткен жарыста бір шақырымды 1 минут 13 секундта бағындырыпты.
“Ерекше жануар бұл. Басыма қонған бақтай болды. Өзі қатысқан жарыстарда жеке дара алға озады. Қажет қасиеттердің барлығын бойына сіңірген. Жүректілігін айтсам, бұл жағы да көп иттерден байқала бермейді. Борсық, шибөрілермен бетпе-бет жолығып қалса, алмай қоймайды”, – деді әккі итбегі.
“Көбінде кеуделі иттер алысқа жүгіреді. Өкпесі қысылмай, кең тыныстайды. Бұл таласқан кезде де басымдық береді. Жамбасы жалпақ, аяғы талтақ болған сайын тістескенде екпін алады”, – деді Мансұр.

"Көкқасқа" мен көкжал
"Тазылар жабылып жүріп қасқыр ала ма?" деген сауал туындады. Кейіпкеріміз бұған Ақтөбе қаласында өткен салбуырынды мысал келтіре отырып жауап берді. 30-40 тазы түгел соңына түскенде, тек бір-екеуі ғана тістелепті. Жалпы көкжалдан қаймықпайтындары жоқ емес. Ол үшін тазының бес-алты буынының қаны қасқырға түскен жүректі болса, күшіктері ауызданған соң түбі бөріге тап беруден тайынбайды.
“"Көкқасқаны" да осы жағынан сынап көргіміз келеді. Әзірге қандыауыз кезікпеді. Қасқырға шапқан тазы алдымен тірсектен алады. Ит-құс сол кезде құйрығы жер иіскеп, шарасыз күйге түседі. Әрі қарай шашақ құлақтылардың тамақтан алуы қиын емес. Ел көлемінде қасқырға түсетін тазылар қазір саусақпен санарлық”, – дейді ол.
Тазының қазаққа тән тұқым екені әлем бойынша мойындалмай келеді. Мансұр Қанатбекұлы қазір бұл тұрғыда қозғалыс байқалады дейді. Үкімет әр өңірде қанша тазы бар, иесі кім, аты-жөнін түгел жазып алып, тіркеп жатқан көрінеді. Тазыны патенттеу үшін әулетіндегі төрт буын есепке алынуы тиіс және ондайлардың саны көп болуы керек. Мұның тезірек іске асуына ел көлеміндегі шашақ һәм жарғақ құлақтылар тұрқының әр түрлілігі де кедергі.
Айталық, Қарағанды жақта бойы биік, ірі болса, Алматы жақтағылар аласа, жіңішке келеді. Сайып келгенде, мұның барлығы бекітілген бір талапқа сәйкеспей, құжат жағынан қиындықтар әкеледі. Айталық, неміс овчаркасы, аргентиналық дог және тағы басқалары біркелкі. Оларды тіркеу де жеңіл.
Мансұрда "Көкқасқадан" бөлек, бір ұрғашы тазы мен күшік бар. Жазда бұлардың саны онға жеткен, дос-жақындары аңға шығамыз деп жан-жақтан сұрап, қолқа салған болулары керек – санын күрт азайтыпты. Кейіпкеріміз тазы асырауды табыс көзі ретінде емес, бабалар аманат етіп қалдырған ұлттық мұра деп қарайды. Сұрапыл соғыста тұтас бір ауылды аштықтан аман алып қалған бітімі бөлек жануардан бейбітшілік заманда айырылып алсақ, ұрпақтарына сын дейді.
Бар жетістігінің бастауы болған ата-анасы, інісі Темірлан мен Айбол, Қуаныш есімді ағаларына риясыз алғысын білдірді. Өздері бірнеше жігіт бірігіп, "Алаш тазылары" деген брендпен федерация ашқан. Демек, алда облыс көлемінде ит жүгіртуден ауқымды жарыс өткізіп, құжаттар жағын реттеуге де көңіл бөледі деген сөз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ