Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарақат Әбілдина: Бірен-саран жаман адамға бола, тұтас дүнген ұлтын қалайша жамандыққа қиямыз

Әнші Қарақат Әбілдина Жамбыл облысындағы қазақ пен дүнгендердің қақтығысына қатысты пікір жазды. Ол қазақ халқын сабырлыққа шақырып, жаппай төбелеске себеп болған азаматтарды кешіруді сұрады. 

"Әлсіз қарияға қоқан-лоқы көрсеткендерге қарсы шығып, қарияға көмек көрсеткен дұрыс. Намысын бермеген ағайынның бірлесіп араша болғанын құптаймын. Дегенмен дүнген халқы табиғатынан жуас, момын ел. Жылдар бойы бір жерде тұрып келген дүнгендерден артық мінез көрмеген едік. Жаман халық болмайды, жаман адам болады дейді. Бір-екі жаманның кесірінен, бүкіл дүнген жұртын қаралаймыз ба? Сабыр етейік. Қанша ұлт бір жерде тұрып жатырмыз. Тағдырымыз-  бір. Отаны жоқ елді ішімізге сыйдырмасақ, қалай болады? Арандатушыларға ермеңіздер. Ішкі бірлігіміз мықты болғанда ғана, біз сыртқы қысымнан аулақ боламыз", - деді Әбілдина желідегі парақшасында.

Желі қолданушылары арасында әншінің сөзін құптағандар да, қарсы шыққандар да бар.

"Қазақ намысты бермейді", "Әркім өз әрекетіне жауап беру керек", "Дұрыс айтасыз, кешірімді болайық, бейбіт күнімізге шүкір етейік", - деді олар. 

Еске салсақ, 7 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масанчи ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес болды. Оқиға 8 адамның өмірін қиды. 137 адам медициналық көмекке жүгінді.


Тағы оқыңыз

Дүнгендер кім және олар Қазақстанда қалай пайда болды?


 

Талқылау