Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық жігіт TikTok-тағы жазбасы үшін 7 жылға сотталды

34 жастағы Қарағанды тұрғыны TikTok желісінде жариялаған жазбасы үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: 4vsar.ru/
Қылмыстық істі Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты қарады. Сотталушыға TikTok әлеуметтік желісінде терроризмді насихаттады деген айып тағылды. Сот ер адамның қарулы жиһадқа шақыратын діни мазмұндағы жазбалар мен видеоларды жариялағанын анықтады.
Сотталушы кінәсін толық мойындады. Ол істеген ісіне өкінетінін айтып, соттан ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.

Сот оны қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігінде көзделген "Терроризмді насихаттау немесе бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, терроризм актісін жасауға жария шақыру" бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді.

Бұған дейін терроризмді насихаттағаны үшін жеті қазақстандық және  бір шетел азаматы сотталды. Тергеу барысында олардың өз ортасында идеология насихаттап, зайырлы өмір салты мен конституциялық құрылысқа өшпенділік ұялатқаны анықталды.

Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде көлемді діни-экстремистік бағыттағы әдебиеттер тәркіленді. Сотталушылар 1 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Талқылау