Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соттатып пайда таппаймын": Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі өзін ұрған азаматты кешіретінін айтты

Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы күдікті Нұрболат Дәкебаевты кешіруге дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.


Жедел жәрдем жүргізуші Төреғали Берікқалиұлы бұл бейне хабарламаны ол TikTok аккаунтында жариялады.

"Кейбір желі қолданушылары бір таяқ жеп, хайп ұстап жүр деп ойлайды. Айта кетейін, Tik-Tok парақшамды бұрыннан жүргіземін. Жедел жәрдем жүргізушілігінен бөлек, актер адаммын. Бұлай әдейі таяқтың астында қалып, атақ-даңқ қуалаған жоқпын. Барлығына өз күшіммен жеттім. Өкінішке қарай, бұлай боларын кім білген?.. Бұл келеңсіз жайтты өз пайдама шешкім келмейді. Бәріміз де пендеміз. Алла бәрін кешіреді. Алланың алдында пендеміз. Біз де кешіреміз. Соттатамын, оны түрмеге отырғызамын деген сөз айтқан жоқпын. Қазақ еліміз аман болсын", – дейді ол.



Сонымен бірге жәбірленуші денсаулығы жақсарып келе жатқанын атап өтті.

"Мұрынға жасаған бірінші отам сәтті өтті. Енді екіншісі бар. Әрбір қазақ жалғызым. Дұрыс жағынан түсінейік", – дейді Төреғали.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 27 қаңтарында Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адам іздестірілді.  Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізушіге дене жарақатын салған. Оны ұстау бойынша қажетті шаралар жүргізілді. Бұзақылық әрекетпен денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іздеу нәтижесінде 1 ақпанда күдікті Нұрболат Нұрымұлы Дәкебаев ұсталды. Кейін кұдікті жедел жәрдем көлігі жүргізушісін соққыға жыққаны үшін ұсталған кешірім сұраған видеосы тарады.

Талқылау