Қарағандыда сәбиін аязда далаға тастап кеткен ата-ана жауапқа тартылмаған
Қарағандыда көшеге тасталған нәресте тексерістен соң анасына қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі E-karaganda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Policia.kz
24 ақпан кешке тұрғын үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Баланы ата-анасы дәл кіре берісте конверт жазып қалдырып кеткен.
Сәбиді үйіне қайтып келе жатқан тұрғын тауып алған. Келесі күні полицейлер бұл әрекетті жасаған баланың ата-анасын тапты. Олар 22 жастағы бойжеткен мен 29 жастағы қарағандылық болып шықты. Кейін белгілі болғандай, ер адам үйленген екен, ал 22 жастағы қызбен қарым-қатынаста болған, салдарынан қыз жүкті болып, бала босанған. Баланың әкесі өз отбасынан кеткісі келмей, сәбиді тастап кетуді шешкен.
Қарағанды облысының полиция департаменті "Өміріне немесе денсаулығына қауіпті жағдайда өзін-өзі қорғай алмайтын адамды қасақана көмексіз қалдыру" бабы бойынша тергеу жүргізді. Жақында қылмыстық іс жабылып, бала анасына қайтарылғаны белгілі болды. Мұны Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мен полицейлер де растады.
"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, прокурордың қаулысымен оны тоқтату туралы қаулы шығарылды. Баланы қайтару мәселесі полицияның құзыретіне жатпайды, бұл шешімді қорғаншылық және қамқоршылық органдары қабылдады", – деді полиция.
Баланың анасы да, әкесі де ешқандай жаза алмаған. Мұндай шешімге олардың шын жүректен өкінуі, сәбидің ешқандай жарақат алмағаны себеп болған көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірінің дәлізінен нәресте табылғаны айтылған еді. Бала жылы көрпеге оранған күйі табылған. Полиция сәбиін тастап кеткен ата-ананы ұстады.