Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда баланың шашынан тартып, күш көрсеткен балабақша қызметкері жұмыстан шығарылды

Қарағандыда бүлдіршіннің шашынан тартқан тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылды. Бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап, қазақстандықтардың наразылығын тудырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова "Арман" балабақшасының қызметкері жұмыстан босатылғанын хабарлады. Ол жүргізілген қызметтік тергеудің нәтижелерін айтты.

"Тәрбиешінің көмекшісі Қазақстанның Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыстан шығарылды. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша онымен еңбек шарты бұзылды. Балаларға қатысты физикалық, моральдық және психологиялық зорлық-зомбылық әдістерін қолдануға жол берілмейді. Кез келген дөрекілік пен педагогикалық әдепті бұзу жұмыстан босатылғанға дейін заң шеңберінде қаралады", – деп атап өтті Қожахметова.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымның директорына қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылғаны белгілі болды.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Қарағандыдағы балабақшалардың бірінде қызметкер баланың шашынан тартып, күш көрсеткені хабарланды.

Талқылау