Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"200-ден астам оқушы білім алуда": Қарағанды облысының Қасым ауылындағы мектеп құлауға шақ тұр

Қарағанды облысы Қасым ауылындағы 1989 жылы салынған мектепің жағдайы бүгінде сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, басында құрылысқа таңдалған жер стандартқа сай келмеген. Енді қауіпті жағдайда қирауға шақ тұрған білім ордасына жұртшылық сабақ өткізуге қорқатындарын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

“Аязда қабырғалардың шеті ашылып кетеді. Төбедегі плиталар да қауіпті. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын осыған байланысты үш жыл қатарынан математика сыныбын жауып тастағанбыз”, – деді №19 мектептің директоры Мақсат Оспанқұлов.

Мамандар бұл мектептің апаттық жағдайда тұрғанын растап, сүрілуі қажет ғимараттар тізіміне енгізген. Алайда соған қарамастан ғимаратта бүгінде 200-ден астам оқушы білім алуда. 70-ке жуық қызметкер жұмыс істеп жүр. 

“Қабырғалардың ортасында тоқ жүргізген кезде оларды толығымен орналастырмаған. Соның салдарынан жауын жауып, дымқылданған кезде кіші қызметкерлер тоқ соғатынын айтады”, – деді мектептің шаруашылық жетекшісі Құмар Әшімов.

Билік басындағылар мектептің бұл жағдайынан хабардар болғанымен алты ай өтсе де, әлі сметалық құжаттарды дайындамаған. Ал жаңа мектеп салуды олар 2022-2025 жылдар аралығына жоспарлаған болатын. 

“Жер комиссиясының қорытындысы шықты. Біздің тарапымыздан 200 орындық жаңа мектеп салу жөнінде өкім шықты. Кадастрлық номері, бәрі біздің қолымызда бар. Жарыққа, байланысқа және су жүйесіне қатысты техникалық шарттар жасалды.Тек қана ақша бөлінуін ғана күтіп отырмыз”, – деді Қасым Аманжолов ауылдық округінің әкімі Ниязбек Шаймерден.

Мамандардың айтуынша екі қабатты жаңа мектепке шамамен 1 миллиард теңгедей қражат керек. Ал бүгінде ауыл оқушыларының апаттық жағдайдағы мектепте оқудан басқа амалы жоқ.

Талқылау