Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысындағы өнеркәсіп үш айда 1 триллион теңгенің өнімін өндірді

Қарағанды облысы экономика дамуының оң динамикасын сақтап отыр. Жыл басынан бері өсім шамамен 13%-ды құрады. Өсім өнеркәсіп және аграрлық өнім өндірісі, инвестициялар, сауда мен құрылыс секілді барлық негізгі көрсеткіштер бойынша байқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Аймақтың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы аппараттық кеңесте баяндалды.

“Облыс экономикасының өсу қарқыны 12,9% деңгейінде қалыптасты. Өнімдер 1 088,7 миллиард теңгеге өндірілді. Бұл былтыр дәл осы кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артық. Машина жасау, қара және түсті металлургия, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісінде өсім бар. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 12,7%-ға өсті, өсім көмір және металл кендерін өндіруде де байқалады”, – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Үш айда 165 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығындағы, өңдеуші өнеркәсіптегі, құрылыстағы, саудадағы, білім берудегі салымдар да өскен.

Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша 30-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 17-сі өнеркәсіпте, онда 2,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарлары мен кір жуу машиналары шығарыла бастайды. Осакаров ауданында "Гиперборей" компаниясы қуаты 150 МВт болатын алғашқы жел электр станциясын іске қосады.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

“Кеңесте тұрғын үй құрылысы туралы да баяндалды. Жыл басынан бері 54 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін бастапқы нарықта пәтерлер сатып алынады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінді”, – делінген хабарламада.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту.

Айым Болатқызы
Жұма, 02 Мамыр, 2025 17:00
Талқылау