Қарағанды облысында әйел екі баласын өлтірді деген күдікке ілінді
Қарағанды облысының тұрғыны өз балаларын өлтірді деген күдікке ілінді. Жантүршігерлік қылмыс Бұқар жырау ауданына қарасты шағын ауылдардың бірінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: рixabay
Қарағанды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі 2 және 4 жастағы балалар зорлық-зомбылық белгілерімен табылғанын мәлімдеді.
Ауыл тұрғындары анасы балаларын тұншықтырып өлтіргенін айтады. Оның мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"4 сәуірде Бұқар жырау ауданындағы елді мекендердің бірінде зорлық-зомбылық белгісі бар 2 және 4 жастағы балалардың мәйіті табылды. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен балалардың анасы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
- Ақтөбеде анасы мен баласын өлтірді деп айыпталған жігіт суицидке барған: Сот процесі күдіктісіз өтті
Ведомство тергеу мүддесіне сай өзге ақпаратты жариялауға болмайтынын айтты.
Еске салайық, Түркістанда жалдамалы пәтерлердің бірінде екі баласын өлтірді деп күдікке ілінген келіншек Шымкенттен табылғаны туралы жазған едік. Күдіктіні іздеу жұмыстарына полиция департаментінің және көршілес аудандар мен қала полициясының жеке құрамы жұмылды. Екі баласын өлтірді деп айыпталған әйелдің әріптестері оны жақсы тәрбиеші деп сипаттап берді. Тіпті әйелдің кәсібилігі үшін алғыс хаттармен марапатталған екен.