Қаңтар оқиғасындағы қаза тапқан үш жасар қыздың әкесі: Мұндай оқтарды тек әскерилер қолданады
Алматыда оқ жарақатынан қаза тапқан үш жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлы қызының өліміне қауіпсіздік қызметкерлерін кінәлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
Үш жасар Айкөркем Мелдехан қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан кәмелетке толмаған екі баланың бірі. 7 қаңтарда ол үлкен әпкесі мен ағаларымен дүкен аралауға шыққан. Олар көлікке отырып, қаладағы ашық сауда нүктесін іздеп жүрген. Сәтбаев көшесімен келе жатқан көлікке бірнеше адам оқ жаудырған.
Оқ Айкөркемнің басына тиіп, қыз сол жерде жан тапсырды. Әпкесі Жанель жараланып, ағалары оқ жарақатымен ауруханаға жеткізді.
Қыздың әкесі көлікте 20 шақты оқ ізі болғанын айтады.
"Көліктен оқтарды өзіміз таптық. Қызымның денесінен алынған оқтар бар. Олар баллистикалық сынақтан өтті. Мұндай оқтарды тек әскерилер қолданады екен. Бірақ кімнің оқ атқанын дәлелдей алмаймыз. Өйткені "ату бұйрығы" болған. Сондықтан ешкім сотталмайды. Маған әуре болма деді", – дейді Мелдеханұлы.
Бұған дейін полиция департаменті балалардың өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын айтқан. Кейін тергеушілер істің прокуратураға жіберілгенін айтты. Қайтыс болған баланың әкесі әділдікті қайдан іздейтінін білмеймін деп отыр.
Атап өткендей, отбасының адвокат жалдауға ақшалары жоқ.
Айкөркем бес балалы отбасының төртінші баласы.
Оның әпкесі екі отадан кейін ауруханадан шықты.
Қазір отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
"Сол күні менің ұлым Бекислам сонда болды. Ол күнде "Әке, мен сіңілімді құтқара алмадым. Ештеңе істей алмадым" деп күнде жылайды", - дейді балалардың әкесі.
Бақытжан Сағынтаев әлі Алматы әкімі болып тұрғанда Мелдіхан отбасына келіп, көңіл айтып, үш бөлмелі пәтер беруге уәде еткен.