Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қант тапшылығы: Қазақстанда дүрбелеңді пайдаланған көтерме саудагерлер жазаланады

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Қазақстандағы көтерме саудагерлердің қантты қоймада әдейілеп сақтағаны үшін жазаланатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Елде қант болмай қалады деген сандырақ, бос сөз. Бұл бағаны жасанды көтеру үшін адамдардың өздері ойлап тапқан мәселе. Әрине, қанттың басым бөлігі шикі қанттан өндіріледі. Ол белгілі бір мөлшерде шетел валютасында бағаланады. Соған орай бағаның кейбір кездері көтерілуі де мүмкін. Алайда осы апта болған жағдай халықтың бос дүрбелеңге түсуінің салдары. Бәріне мемлекетті кінәлап бұлай істеу үлкен қателік”, – деді Серік Жұманғарин. 

Ол халыққа әлеуметтік маңызы бар тағамдық өнімдерді қап-қабымен алудың қажеті жоқ екенін мемлекеттің бірнеше рет айтып келе жатқанын мәлімдеді.

“Агенттік қант зауыттары мен көтерме саудагерлерге барып тексеріс жүргізді. Нәтижесінде олар қанттың бағасының әлі де көтерілуін күтіп, сол кезде шығару үшін қоймаларында сақтаған. Қантты көп табыс табамын деп сақтаған бұл адамдар жазаланатын болады. Олар бұл үшін айыппұл төлейді. Кәсіпкерлердің бұндай жолмен пайда іздегені қате саясат”,- деді агенттік басшысы.  

Талқылау