"Қандай қалдықтармен тыныс алып жүргенімізді көрсетейін": Ақтаулық экоблогер жанып жатқан қоқыс полигонының видеосын жариялады
Экоблогер Азамат Сәрсенбаев Ақтау қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонын биіктіктен видеоға түсірді. Айтуынша жанған қоқыс қалдықтарының түтіні бүкіл қаланы алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Видеоны қоғам белсендісі өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
"Болашақта туристік Баку мен Дубай болатын қаланың тағы бір коммуналдық мәселесі", – деді ол.
Экоблогердің айтуынша, қоқыстан шыққан түтін Ақтауды алып кеткен.
"Бүгін таңертең күйіктің иісінен ояндым. Түтін бүкіл Ақтауды алып кетті. Негізінде бұл мәселенің себебін білетінмін. Алайда бұл жылдан жылға күшейіп келеді. Сол себептен бұл жолы күйік иісінің неден қалай, қандай қалдықтармен тыныс алып жүргенімізді нақты көрсеткім келді", – деп қосты ол.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті қоқыс полигонының өртенуіне байланысты түсініктеме берді.
"15 қыркүйекте сағат 10:30-да Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылынан 2,5 шақырым жерде ҚТҚ полигонында қоқыстың жанып жатқаны белгілі болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің ауданы – 800 шаршы метр", – деді ведомство.
Қазіргі уақытта рекультивациялық жұмыстар жүргізіліп, ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен техниктері жұмыс істеп жатыр.