Қанат Ислам чемпиондық белбеу үшін таласпақ: Жекпе-жектің күні белгілі болды
Орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз Қанат Исламның кәсіби рингтегі келесі жекпе-жегінің қашан өтетіні белгілі болды. Ол WBO Global белбеуі үшін бақ сынайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ислам 25 ақпанда Флорида штатындағы Плант-Ситиде өтетін бокс кеші аясында рингке оралмақ. Ол ұлыбританиялық Джимми Келлимен (25-2, 10 КО) жұдырықтасады.
Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Сонымен қатар WBO Global белбеуі сарапқа салынады.
Қанат Ислам: Қуатқа тиген жұдырық біздің жүрегімізге пышақтай қадалып тұрғанын сезінсін
Бастапқыда жекпе-жек 21 қаңтарда өтеді деп жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты 25 ақпанға шегерілді.
Соңғы рет Қанат Ислам 2021 жылдың ақпанында Майамиде жұдырықтасқан. Бұл кезде ол эквадорлық Джейсон Миндуды (14-5-1, 8 КО) жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы чемпиондық атақты қорғамағандықтан Қанат Исламнан WBO International белбеуін қайтарып алған.