Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын", - делінген Жарлықта.
Бұған дейін Алматы облысы әкімінің қызметін 2014 жылдың 20 тамызынан бастап Амандық Баталов атқарды. Баталов 22 қарашада 69 жасқа толды.
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев 1969 жылдың 8 қаңтарында Алматы қаласында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының "Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау" факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы "Эдем ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экономист болып бастаған.
1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі болды.
1998 – 2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай және газ департаментінің басшысы болған.
2000 жылы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
2001 жылы "KEGOC" ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, 2001-2007 жылдары "KEGOC" ашық акционерлік қоғамының президенті;
2007 – 2008 жылдар аралығында "Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі "Самұрық" холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;
2008 – 2009 жылдар аралығында "KEGOC" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;
2009 – 2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі;
2013 – 2016 жылдар аралығында Павлодар облысының әкімі;
2016 – 2019 жылдар аралығында Энергетика министрі;
2019 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
"Құрмет" орденімен (2005) және "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалімен (29.05.2019) марапатталған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еңбек сіңірген энергетигі.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін біледі.