Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік әйел сәтсіз блефаропластиканың құрбаны болды: Отаны фельдшер жасаған

Ақтөбе қалалық сотына үйде блефаропластика жасатқан соң қабағы жарылған азаматша материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Instagram әлеуметтік желісінде блефаропластика қызметі туралы жарнаманы көрген талап қоюшы 2023 жылдың 4 тамызында жауапкердің жалдамалы пәтерінде ота жасатқан.

Жоғарғы соттың дерегінше, операциядан кейін бір апта өткен соң талап қоюшы көздің ассиметриясын байқап, жауапкерге қайта хабарласып, 15 тамызда екінші рет ота жасатады. Екінші ота кезінде жауапкер оң көзі қабағаның терісін тым терең кескен және терісімен бірге төменгі кірпіктерді кесіп тастағандықтан, талап қоюшыдан қан кетуі тоқтамаған. 

Сонымен қатар сот жауапкер жараны лазермен күйдіріп, қан кетуді тоқтатып, қан кеткен жерді тігіп тастағанын мәлімдеді. Талап қоюшы конъюнктивит, ауырсыну және жас ағу салдарынан офтальмологтар мен пластикалық хирургтарға жүгінуге мәжбүр болған.

Қазір қабақтың толық жабылмауына, көздің және қабақтың үнемі ісуіне байланысты сыртқы түрі өзгерген. Талап қоюшы жұмысты тастап, сәтсіз жасалған отадан кейін емдеу және оңалту шығындарын көтеруге мәжбүр болған.
Сот істі қарау кезінде жауапкердің ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтінін, оның пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқ болып шыққан. Тек сертификаты бар екенін анықтады.

"Жауапкер талап қоюшыға ота жасауға жұмсалған 80 мың теңге сомасын өз еркімен қайтарған. Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 235 мың теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге моральдық зиянның өтеуі өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді", – делінген сот мәліметінде.



Еске салайық, бұған дейін Өскеменде ота кезінде науқасын өлтіріп алған косметолог сотталғанын жаздық.  Өскемендік әйел блефаропластика операциясы кезінде өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлердің айтуынша, марқұм анафилактикалық шок алған. Сот істі "заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету, есірткі немесе психотроптық заттарды алуға рұқсат беретін рецепттерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру немесе қолдан жасау" бабы бойынша қарады.

Талқылау