"Қазақтың "әпшу бер" дегені барып тұрған педофилия ғой": Әнші Калия педофилия мен өлім жазасы туралы
Қазақстанда соңғы уақытта балаларға қатысты орын алып жатқан қайғылы жағдайлардың салдарымен емес, себептерімен қалай күресе аламыз, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғауды неден бастаған жөн, педофилия үшін өлім жазасын қолданысқа енгізу мәселені шеше ала ма? Бұл тақырыпта Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көпшілікке Kaliya лақап атымен танымал әнші, БҰҰ-ның Халықтық қоры ЮНФПА қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі спикерімен сұхбаттасты.
- Елімізде педофилдерге қатысты заң өзгере ме, қандай да бір күшейтулер енгізіле ме, сіздің ойыңыз қандай?
- Негізі, тек қана заңды күшейту бұл мәселені шешпейді. Өйткені бұл тек салдарымен күресу, ал оның себептерін кейінге шегеріп қойып, бақылап отыру біздің елге тән қасиет. Ең бастысы бұл мәселелердің шығу тегін анықтау. Неліктен біздің қоғамымызда агрессия көбейіп кетті? Неліктен олай болды, оған көп мән беру керек, оны зерттеп, зерделеу керек.
Әрине, заңды да қатайту керек, мұндай сексуалды қылмыс жасаған адамдар тиісінше өздерінің жазасын міндетті түрде алуы керек. Өйткені өздеріңіз де білесіздер елімізде жемқорлық бар, көптеген адамдар жасаған қылмыстарының жазасын алмай, қомақты ақша беріп құтылып кетіп жатады. Егер ол ақша төлеп, құтылып жатса, келесіде қайтадан өз әдетіне оралып, адамдарға жәбір көрсетіп, қылмысын ақшамен жауып жүре бермесіне кім кепіл? Сонда заң, адамның құқықтары қайда қалады? Сондықтан елімізде қанша жерден мықты, қанша жерден керемет заң шығып жатса да, ол жұмыс істемесе, одан не қайыр бар?
Ақшадан бөлек қазақта отбасы деген мықты қорғаушы бар. Қылмыскердің бір топ туысы жәбірленуші қыздың үйіне барып, одан кешірім сұрап: "Баламыздың болашағына балта шаппа, оның өмірін тозаққа айналдырма", деп қорлық көрген қызға одан әрі қысым көрсетіп, ақыры аяғында екі жақ татуласты деп қылмыскер жазасынан құтылып кетеді. Зорлық-зомбылыққа келгенде татуласу деген түсінік болмау керек, өйткені қылмыскер біреудің құқығын, намысын аяқасты етті. Сонда зорлық көрген адамның өмірі маңызды емес па, әлде оның өмірі осыдан кейін тозаққа айналмады ма? Кейде маған біздің елімізде әйел адамның өмірі түкке тұрғысыз, маңызы жоқ болып көрінеді. Сондықтан мәселе тек қана заңда емес деп айтқым келеді, себебі заң жүйесінде небір керемет заңдар бар, бірақ олар жұмыс істеп жатқан жоқ.
- Сонда еліміздегі басты мәселе қандай?
- Елімізде білім деңгейі төмен, көптеген адамдар оқымаған, алайда оларды бұл жағдайда кінәләй алмаймыз, себебі университетте оқуды бәрінің қалтасы көтере бермейді. Жұмыссыздық та үлкен мәселе, қайда барып, не істеп ақша тапсам болады деп, тентіреп жүрген адамдар жетерлік. Жұмыс таба алмаған адам не істейді, шарасыздықтан іше бастайды немесе есірткі қабылдайды, осыдан келесі ауқымды мәселе маскүнемдік пен нашақорлық туындайды. Егер статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары маскүнемдікке шалдыққан адамдардың саны артпаса, ешбір кеміп жатқан жоқ.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың психологиялық, эндокриндік, гормоналдық денсаулығына аса үлкен назар аударуымыз керек. Өйткені педофилия дегеніміз ауру, оның пайда болу себептері әртүрлі, психологиялық немесе эндокриндік жүйде болуы мүмкін. Одан бөлек интернеттен нешетүрлі порнографиялық видеоларды көріп, ауру одан әрі қозып, адамды қылмыс жасауға итермелеуі мүмкін.
- Педофилдерді өлім жазасына кесу жайлы ұсыныстарға көзқарасыңыз қандай?
- Сәтбаев қаласында орын алған қайғылы жағдайдан кейін педофилдерді өлім жазасына кесу керек деп, пікір білдіріп жатқан адамдардың саны артты. Халық та бұл пікірді қолдауда және мен оларды түсінемін, өйткені бұл жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, онсыз да қиын уақытта ашу-ызамызды одан әрі өршіте түсті. Алайда сабыр сақтап, мәселені ақылмен шешуіміз керек.
Егер өлім жазасын енгізетін болсақ, елімізді тағы бір үлкен мәселе туындауы мүмкін. Мен қаншама құқық қорғаушылармен, полиция қызметкерлерімен, заң саласында қызмет атқарып жүрген көптеген адамдармен сөйлестім, олардың өздері құқық қорғау жүйесінде, сараптама жасайтын орындарда біраз қиындақтар бар екенін мойындайды. Қылмыскер өлім жазасына кесілмес бұрын бірнеше сараптамадан өткізіледі. Ал, еліміздегі сараптама жүйесінің қалай жұмыс істейтінін ескерсек, тексеру барысында қателіктер кетуі әбден мүмкін.
Сондықтан еліміздегі көптеген зардап шеккен адамдар сараптаманы көршілес Ресей Федерациясына барып жасатады, өйткені ол жақта сараптама жасау деңгейі өте жоғары.
Тағы бір мәселе ол,тайтып кеткенімдей, жемқорлық. Біздің елде өте қызық жағдай, полиция бөлімшесіне келгенде сыртта ұялы телефон мен басқа да заттарды қалдырып кетесің ғой, дәл солай біздің полиция қызметкерлеріміз жұмысқа кірмес бұрын намыс пен ұяттарын сол жақта қалдырып, еш қымсынбастан пара ала беретін сияқты. Пара алу арқылы нағыз қылмыскерді жасырып қалуы әбден мүмкін.
- Жалпы Сәтбаевта орын алған оқиғаға қатысты не айтасыз?
- Педофилдерді өлім жазасына кесіп, ешқандай пайда таппаймыз, өйткені мәселенің бәрі өзімізде, өзіміздің біліміміз бен көзқарасымызда. Сәтбаев қаласында болған оқиғадан кейін мен инстаграмда "Сәтбаев қаласында болған оқиғада, педофилдердің артында не тұр", деген бір постты байқап қалдым, оны жігіт жазыпты. Оның айтуынша, далада ойнап жүрген балаларды ата-анасы ашық-шашық киіндіріп қойып, далаға жібереді, ол дұрыс емес деп жазған екен. Сонда ойын алаңында асыр салып ойнап жүрген балалардың киімі қандай болуы керек? Бәлкім енді балаларға далада ойнау үшін ережеге сай келетін арнайы форма кигізуіміз керек шығар? Жаз кезінде балалар ыстықтамау үшін ата-аналары қолы ашық футболка немесе шортик кигізуі мүмкін, бала ойнап жүргенде киімі ашылып қалып, іш киімі көрініп қалуы мүмкін, онда тұрған не бар, ол бала ғой. "Балалардың ашық-шашық киінуі ер адамдардың, педофилдердің құмарлығын арттырады ғой, ата-аналар баланы былай киіндірмеуі керек", деп жазыпты әлгі жігіт сөз соңында. Бұл барып тұрған ақымақтық! Сонда бұл жігіттің логикасына сүйенсек, біздің ер адамдар өз-өздерін ұстай алмайтын, өз ойларына жауап бере алмайтын шеттерінен ынжық, ауру адамдар болғаны ма? Біздің еркектер мал ма? Бұл сөздерімен олар өз-өздерін төмендетуде...
Біздің мәселеміз сонда сыртқы келбетке келіп, тіреліп тұр ғой, әйелдер мен балаларды бастан аяқ киіндірумен ғана шектелуде. Егер сенде ойнап жүрген балаға қарап, жаман ойлар туындаса, мамандарға жүгініп, көмек сұра, одан артық ештеңе керек емес.
Сәтбаев қаласында болған оқиғада неліктен бала қараусыз қалған, анасы қайда қарап отырды, деп жазып жатқандардың қарасы көп болды. Осылайша, барлық кінәні анасына ысырып қойды. Бізде әйелдерге, аналарға қатысты қатып қалған пікір бар, олар тамақты та дайындау керек, үйді де жинауы керек, ал сенде бір емес бірнеше бала болса, сен онда тіпті әжетханаға да бара алмайсың ғой. Өкінішке орай, қазір баланың артынан міндетті түрде бір ересек адам жүруі керек. Балаға жеке оққағар керек сияқты болып көрінеді. Ал біздің балалық шағымызда біздің жүрмейтін жеріміз болмайтын. Сондане кисек те, қайда жүрсек те бізге ешкім тиіскен жоқ. Әрине, мұндай жағдай болмады емес, болды, бірақ қазіргідей көп емес.
Осы жағдайға байланысты мен мамандарға сұрақ қойғанмын. Олардың айтуынша, қарапайым халықтың көбісі өлім жазасын қайтаа енгізсе, аталмыш қылмыстар азаяды деген пікірде. Педофилдер қылмыс жасамас бұрын ешқашан алатын жазасы туралы ойламайды. Былай істесем тек екі-үш жыл отырып шығамын деп ойламайды. Зорлық-зомбылық жасағысы келетін адам мүлдем жаза жайлы ойламайды, өйткені ол қылмыстың нәтижесі қандай болатынына есеп бермейді. "Мен жазадан құтылып кетемін, бала болған жағдайды ешкімге айтпайды, бәрі мен ойлағандай болады", деп ойламайды, өйткені оның миында тек қана зорлық жасау тұрады.
Бізде тағы жиі айтылатын нәрсе, ол адамдардың құқықтарын білуі. Сіз өздеріңіздің құқықтарыңызды білмесеңіз, оны қылмыскер қайдан білсін? Ол қылмыстық кодексті ашып, мен өз қылмысым үшін қанша жыл аламын деп отырмайды. Сондықтан өлім жазасы мәселені шешпейді.
- Сәтбаевта адамдар күдіктіні өздері жазаламақшы болды, оған көзқарасыңыз қандай?
- Егер де адамдар болып жатқан жағдайға қарсылық көрсетіп, бейбіт шеру жасаса, мен оларды түсінер едім. Бірақ ол жақта бәрі басқаша болды ғой. Адамдар сол үйде педофилден басқа да адамдар тұратынын ескерген жоқ, ол адамдардың педофилге ешқандай қатысы да жоқ, алайда сол үйдің тұрғындары да зардап шекті, себебі олардың мүліктеріне нұқсан келтірілді. Естуімше, бірнеше көлікке зиян келген, сонымен қатар сол тұрғын үйге кіріп, кешкі уақытта есіктерін тоқылдатып, мазаларын алған көрінеді. Олай істеуге, әрине болмайды, бұл жабайылық дер едім. АҚШ-та болған "Black lives matter" акциясына ұқсап кетті, өйткені ол жақта бәрі қаранәсілді адамдардың құқықтарын қорғаймыз деп шықты, соңы немен аяқталғанын бәріміз білеміз, өз пікірімізді білдіреміз деп шыққан адамдар, дүкендерге қарақшылық жасап, тонап, қалталарын қампитып шықты. Бізде ешкім ондай ұрлыққа барған жоқ, десе де өзгелердің жылдар бойы жинаған мүліктеріне зақым келтіріп, оларды үрейде ұстағандары үшін жауап берулері керек, тіпті өртенген полиция қызметкерлерінің машинасы үшін де жауапқа тартылуы керек, өйткені бұл көлік халықтың қаражатына алынған мүлік, ашуға бой алдырып, айналамыздағы дүниенің бәрін қирата бермейміз ғой, сондықтан осындай жағдайға дейін жеткізген адамдар міндетті түрде жазалануы керек.
- Өлім жазасы педофилия мәселесін шешпесе, қандай шара қолданып, не істеуіміз керек?
- Біріншіден, шұғыл әрекет ету штабы, білім беру саласы жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Мектептерде балаларға жыныстық білім берілуі керек, ол ұят нәрсе емес, ол физиология, қалыпты жағдай. Бізде бала өсіп, денесі өзгеріп жатқанда, оны өзінің денесінен ұялу үшін барлық жағдай жасайтын сияқтымыз. Қыз баланың омырауы өсіп келе ме - ұят, етеккірі басталды ма - ұят. Сонда мен адаммын, осы дүниеге келдім және мен өз болмысымнан, тәнімнен ұялу керекпін бе? Бала өсіп келе жатқанда оған бәрін айтып: "Мынау көз, мынау құлақ, қол-аяқ", - дейміз де жыныстық мүшелерді айтпай аттап кеттеміз. Балаға оның жыныстық мүшесі қалай орналасқаны, оның қызметі жайлы білу қызық шығар, ал біз оны аламыз да ұят нәрсеге жатқызып тастаймыз. Жасөпірім бала онсыз да денесінде болып жатқан өзгерістерден өзін ыңғайсыз сезінеді. Өзін қабылдай алмай жүреді. Осы сәтте біз ересек адамдар, үлкен өзгеріске ұшырап, өздерін түсінбей жүрген жеткіншетерге неге көметеспейміз, неге бәрін түсіндіріп, кеңесімізді айтпаймыз? "Сен өзгеріп келе жатырсың, бұл қалыпты нәрсе, бәріміз бұл процесстен өткенбіз", - деп неге айтпаймыз?
Сондықтан мектепте балаларға жыныстық білім міндетті түрде берілуі керек. Өйткені ата-аналар бұл тақырыпта балаларымен сөйлеспейді.
Мен мектептерге, колледждерге барғанда балаалардан "Сендерде қандай да бір қиындықтар туындап, мәселе пайда болса, оны ата-аналарыңа айтасыңдар ма?" деп жиі сұраймын. Балалардың 80% - ы "жоқ", деп жауап береді, өйткені қорқады. Сонда балалар ата-аналарына сенбек түгілі, олардан қорқады, болып жатқан жағдайларын айтпайды. Қазақстанда бала өмірдегі ең басты құндылық деп айтып жатамыз, шын мәнінде солай ма? Егер балаңыз сізге келіп, өз проблемасын айта алмаса, онда ол олай емес. Бізде баланы өсіреді, киім алып береді, тамағын дайындайды, болды. Ал оның ішкі жандүниесінде не болып жатыр, бәлкім оны мектепте жора-жолдастары мазақ ететін шығар, сіз оны сұрадыңыз ба? Балаларыңызбен диалог құрып, сөйлесуді үйрену өте маңызды. Оларға жыныстық қатынас жайлы айту да маңызды. Жасөспірімге жыныстық қатынас арқылы берілетін ауру жайлы, жоспарланбаған жүктілік, оның салдары жайлы және тым ерте жүктілікке ағзаның дайын еместігі жайлы айту керек.
Тағы бір үлкен мәселе бізде жүктілікке тек қана қыз бала ғана жауапты, ер адамның оған ешқандай қатысы жоқ сияқты. Қыз бала жүкті болып қалып жатса, бәрін соның мойнына артып, оның жер-жебіріне жетіп жатамыз, ал ер адамдарда ешқандай жауапкершілік жоқ, өйткені оған тек қана қыз кінәлі. Сондықтан жасөспірімдерге мұның бәрін айту керек, тіпті ересек адамдарға да, себебі көбісі отбасын жоспарлау деген нәрсені білмей, жағдайларына қарамай бала туа береді, оған қандай білім беремін, жағдайын қалай жасаймын деп ойлап жатқандар шамалы. Осының бәрі жыныстық сауатсыздықтан туындайды. Жыныстық білім беріп, балаларды мейірімділікке шақырып, бір-бірімізді сыйлау керектігімізді түсінідірсек, ешқандай қиындықтар болмайды.
- Қазақстанда адамдар жыныстық қатынас жайлы айтуға, сөйлесуге қысылады, ұялады, сол себепті қорғаныс тәсілдерін біле бермейді, бұл неге байланысты?
- Иә, бізде әлі күнге дейін бұл тақырыпты қозғауға болмайды, бізде әлі күнге дейін жыныстық қатынас "жоқ", ол туралы айту ұят, бірақ балалар туылып жатады.
Әрине, бағана айтып кеткенімдей, ең бірінші жыныстық сауаттылық керек, онсыз ешқайда жылжи алмаймыз. Сонымен қатар, әр адам өзінің денсаулығын қалай қорғау керектігі жайлы білуі керек. Ал ол үшін консультация тегін немесе қолжетімді бағамен берілуі керек. Бұл адамның негізгі құқықтарының бірі. Мысалы, бір кештердің бірінде екі жас ешқандай қорғаныссыз жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін, ал жігіт ВИЧ таратуы мүмкін, сіз оны тек жарты жылдан кейін ғана біле аласыз, әрине, егер сынақ тапсырсаңыз. Ал СПИД орталықтарында ВИЧ жұқтырып алмау үшін берілетін арнайы препараттар бар, сіз ол жайлы білдіңіз бе? Оны бәрі біле бермеді. Егер қорғаныссыз жыныстық қатынасқа түссеңіз осы жаққа келіп, тегін қорғаныс таблеткасын алып, еш қорықпастан жүре берсеңіз болады.
Мен британдық елшілікте жұмыс істейтін офицермен сөйлескен едім. Ол кісінің айтуынша, оның қызы 18 жасқа толып, Бразилияға ерікті болып жол жүрейін деп жатқанда, ата-анасы оған презервативтер, жүктілікке қарсы, инфекцияға қарсы препараттар берген екен. Сонда қызы жыныстық қатынасқа түспегенін және ондай іске бармайтынын айтқан екен, алайда анасы оған: "Мен саған сенемін, бірақ өзгелерге сенбеймін", деген екен. "Егер бір жағдай болып қалса, сенде осы препараттар болады, өзіңе керек болмаса да қасыңда жүрген адамға керек болып қалуы мүмкін, сондықтан өзіңмен бірге алып жүргеннің ешқандай әбестігі жоқ", - депті анасы. Бұл дұрыс қой, осылайша, ата-ана өз баласына қорғаныс жасаудың маңыздылығын түсіндірді.
Ал бізде әркім өз-өзін алдап, бұл туралы жақ ашпай, елемеуді жөн көреді. "Бізде бәрі керемет, бізде бәрі жақсы, біздің балалар ондайға бармайды", деп жүре береді, оның бәрі бос әңгіме, себебі Қазақстанда орта есеппен алғаш рет жыныстық қатынасқа түсу жасы 14 жас, яғни 10 жасынан жыныстық қатынасқа түсе бастайтындар да бар. Содан кейін бізде: "Ауылда керемет тәрбие беріледі, қазақи тәрбие, сондықтан балалар мұндай іске бармайды", деп айтып жатады, бұл да өтірік әңгіме, өйткені ауылдарда жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекцияларды жұқтырғандар, ерте жүктілік қалаға қарағанда үш есе көп. Неге ауылдарда осындай жағдайлар орын алады, себебі ауылда бәрі бір-бірін таниды, дәріханаға барса, ол жақты көрші Сәуле тәте отырады, ауруханаға кеңес алуға барайын десе, ол жаққа тек 18 жастан бастап баруға болады, барған күннің өзінде жыныстық қатынас жайлы сұрау үлкен ұят, оны ертең біреу танып қойса, бүкіл ауылға өсек тарайды, сондықтан қыздар өз жағдайларын жасырып, өздері туындаған мәселелерін шешіп жатады.
Одан кейін ер балалар 25-28 жастарында импотент және бедеу болып жатады, өйткені жасөспірім кезінде қызығушылықтары артып, еш қорғаныссыз әркіммен жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін, содан нешетүрлі инфекция жұқтырып, нәтижесінда осындай қорқынышты ауруларға шалдығып жатады. Қазіргі таңда бала сүйе алмай жүрген көптеген жұптардың 50%-да еркектер бедеу болып шығып жатады. Оның бәрі білімсіздіктің кесірінен болған жағдай. 25-28 жасқа келіп, отбасын құрып, әке атанамын деген шағында бұған шамасы жетпейтінін түсінеді, бұл өте өкінішті жағдай.
Көп мәселе білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындайды. Қоқыстан, әжетханадан табылып жатқан нәрестелер соған дәлел. Қыз бала тоғыз ай бойы айдалада жүрмейді ғой, оның қасында жүрген адамдар ештеңе байқамай ма, әлде қалай? Егер саған қарындасың келіп, менде осындай жағдай болып қалды десе, не істейсің, көмектесесің бе әлде үйден қуып жібересің ба? "Ана үйіне" барсаң, 90%-ы - қазақ қыздары, олардың туыстары да, әке-шешесі де бар, алайда ол "Аналар үйіне" келді. Ал балалар үйіндегі 20% балаларды жасөспірімдер тастап кеткен.
Сондықтан, жыныстық қатынас туралы сабақтар дұрыс емес, ол біздің менталитетімізге жат нәрсе, қазақилығымызды құртады деп айтудың қажеті жоқ, себебі бұл мәселе бар және оны мойындауымыз керек.
- Әр адамның жеке шекарасы болады, бірақ бала кезден оны бұзып, елемей жатады, сондықтан балалар өзінің денесіне тиісуге болмайтынын білмейді, оларға жеке шекараны сақтауға қалай үйретуіміз керек?
- Бәрі сол жыныстық білімге алып келеді. Қайтадан сол жыныстық тәрбие мәселесі. Мен мамандармен сөйлесіп, жыныстық қатынас жайлы балабақшада айтуға болады деген жауап алдым. Балабақшада оның жасына сай ақпарат берілуі керек. Мәселен, әжетханаға қалай бару керек, содан кейін қалай жуынуы керек. Сонымен қатар бізде біртүрлі ерекшелік бар, біз ешқашан жыныстық мүшелерді өз атымен атамаймыз. Сондай ақ, егер саған ұнамаса, саған ешкім қол тигізбеуі керек деп әу бастан-ақ үйретуіміз керек. Негізі әр адамның ішкі рефлекстері бар, оны сеземіз. Егер мен сіздің қолыңызды алып, амандассам, онда сіз маған ешқандай күмәнмен қарамайсыз, өйткені ол қалыпты нәрсе, ал егер мен сіздің қолыңызды ұзақ ұстап, оны сипалап, басқа көзқараспен қарасам, бұл жерде бір нәрсенің дұрыс еместігін түсінесіз. Кішкентай бала да ондай нәрсені жақсы сезеді. АҚШ-та балаларына "If somebody touches you and you feel it's wrong, it's wrong", яғни біреу сені ұстап жатса, және сен өзіңді жайсыз сезінсең, ата-анаңа айтуың керек. Сондықтан америкалық балалар осындай жағдай туындаса, не істеу керектігін біледі. Ал бізде өкінішке орай ондай жоқ, бізде үлкен адамға қарсы сөйлеуге болмайды, сондықтан балалар көріп жатқан қорлықтарын ата-аналарына айта алмай, жылдар бойы жәбір көріп жүре береді.
Мен мысалы "әпшу берші" деген дәстүрді түсінбеймін және соған байланысты өз пікірімді білдіріп, сынның астында қалғанмын. "Сіз түсінбейсіз, сіз білмейсіз", - деп мені біраз жерге апарып тастады. Осы дәстүре ұл баланың шеткі тәнін тарту арқылы, оны сүндеттеуге дайындайды екен. Неге оны бәрі ұстауы керек? Керек болса, оның ата-анасы бар ғой, бөтен адамға олай істеудің қажеті не? Айдалада жүрген адам баланың жыныстық мүшесін ұстауы не сұмдық, бұл барып тұрған педофилия ғой.
Бізде Қазақстанда жеке шекара деген түсінік мүлде жоқ, сондықтан бала өзін бөтен адам ұстаса, бұл қалыпты жағдай деп ойлап, қарсылық білдіре бермейді. Балаға кішкентайынан саған ешкім қол тигізе алмайды, ол дұрыс емес деп үйретуіміз керек, сонда ғана бала өзін қалай қорғау керектігін кішкене болса да білетін болады.
Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ