Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль әскери қылмыскер – Ердоғанның мәлімдемесінен кейін Израиль тарапы Түркиядан елшілерін шақырып алды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильді әскери қылмыскер деп жариялауға дайындалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Anadolu

"Израильді әскери қылмыскер деп жариялаймыз. Бұған дайындалып жатырмыз. Израиль 22 күннен бері әскери қылмыс жасап жатыр", – деді Ердоған.

Оның айтуынша, Израиль Батыстың қолдауынсыз үш күнге де шыдамайды. Ердоған Газадағы қантөгіс үшін ең үлкен жауапкершілікті АҚШ пен Батыс елдеріне жүктеді. 

"Америка, Еуропа Газадағы қырғын үшін ең үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Газадағы қырғын Батыстың ісі. Кеше Украинадағы соғыста қаза тапқан бейбіт тұрғындар үшін "көз жасын" төккендер бүгін бейкүнә балалардың өлімін үнсіз бақылап отыр.

Біз Израиль аумағындағы бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдарды да дұрыс деп санамаймыз. Біз кез келген бейбіт тұрғындардың өліміне қарсымыз", - деді Ердоған.

Ал Тель-Авив тарапы президент Режеп Тайып Ердоғанның Израильге қарсы мәлімдемесінен соң Түркиядағы дипломатиялық өкілдерін кері шақырып жатыр. Бұл туралы Израильдің сыртқы істер министрі Эли Коэн хабарлады.

"Түркия тарапының мәлімдемесінен соң Израиль-Түркия қарым-қатынастарын қайта бағалау үшін дипломатиялық өкілдерімізді ол елден шығаруды бұйырдым", - деп жазды Коэн.

Израильдің энергетика министрі Израиль Катц Ердоғанды ​​ДАИШ-ті қолдады деп айыптады. 

"Бүгін Ердоған өзінің шынайы бет-бейнесін көрсетті. "Мұсылман бауырлар" ұйымының бір адамы Хамас-ДАИШ лаңкестік әрекетін қолдайды. Тіпті куфия да бұл ұятты жасыра алмайды", - деді министр X әлеуметтік желісінде.

Өз кезегінде, еврей мемлекетінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан түрік президенті "өз имиджін жақсартуға тырысты, бірақ антисемит болып қала береді" деген пікірін білдірді. 

"Жылан әрқашан жылан болып қала береді", - деді Израильдің тұрақты өкілі.

Айта кетейік, Израиль-Палестина қақтығысы 7 қазанда басталңан болатын. Соғыс басталғалы 1400 израильдік пен жеті мыңнан аса палестиналық қаза тапты.

Талқылау