Израиль армиясы Газа секторындағы шайқаста тактикалық үзіліс жариялады
Израиль әскері Газа секторының оңтүстігіндегі күндізгі шайқасты тоқтатқанын мәлімдеді. Тактикалық үзілістер туралы шешім Палестина анклавына келетін гуманитарлық көмек көлемін арттыру мақсатында қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: islamnews.ru
Израиль бұл шешімді БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен кеңескеннен кейін қабылдаған. Израиль әскері мәлімдемесіне сәйкес, үзілістер келесі ескертуге дейін күн сайын орындалады.
“Таңертең сағат 8-ден кешкі 7-ге дейінгі үзіліс уақытында азық-түлік пен басқа да көмекті тасымалдайтын жүк көліктері Керем Шалом бақылау-өткізу пунктіне жетуі тиіс. Одан кейін жүк көлігінің Салах ад-Дин тас жолына және анклавтың солтүстігіне аман-есен жетуіне мүмкіндік жасалуы керек. Израиль әскері гуманитарлық көмекті жеткізуге қолдау көрсетуді жалғастырады”, – делінген хабарламада.
Израиль Рафахты басып алғаннан кейін жағдайы одан әрі нашарлаған палестиналық бейбіт тұрғындардың орасан зор қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін халықаралық қоғамдастықтың қысымына ұшырап жатыр.
Тактикалық үзілістерді енгізу шешімімен израильдік саясаткерлердің көбі келіспеді. Бұл шешімді әсіре оңшыл Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир қатты сынға алды. Израиль әскері бұл үзіліс Рафахтағы операцияның аяқталғанын білдірмейтінін түсіндірді.
Палестина анклавындағы гуманитарлық жағдай апатты күйде қалып отыр. Адамдарға азық-түлік пен таза ауыз су жетіспейді. Ағынды суды тұтыну жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырады. БҰҰ агенттіктерінің мәліметінше, Газада миллионнан астам адам шілде айының ортасына қарай қатты ашаршылыққа ұшырауы мүмкін.