Ыстамбұл мэрі қамауға алынған соң түрік лирасының бағамы рекордтық деңгейде құлдырады
19 наурыз күні таңертең Түркияда Ыстамбұлдың оппозициялық мэрі Экрем Имамоғлы қамауға алынды. Осы жағдайдан кейін түрік лирасы рекордтық деңгейде құлдырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/ekremimamoglu
Стамбул полициясы президент Режеп Тайип Ердоғанның басты қарсыласы, мегаполис әкімі Экрем Имамоғлыны, Ыстамбұл муниципалитетінің бірқатар басшыларын және тағы 84 жоғары лауазымды шенеунікті ұстады. Прокуратура 106 тұтқындау туралы ордер берді. Күдіктілер Ватан көшесіндегі Ыстамбұл қауіпсіздік басқармасына жеткізілді. Имамоғлуның үйінде тінту жүргізілді.
Yahoo Finance басылымының мәліметінше, лира бағамы бір доллар үшін 40,95 лираға дейін төмендеп, тарихтағы ең төменгі көрсеткішке жетті. Кейін валюта аздап қалпына келіп, бір доллар 38,91 лираға жетті.
"Интерфакс" агенттігінің дерегінше, Borsa Istanbul 100 қор индексі сессияның басында 6,9%-ға құлдырап, осыған байланысты акциялармен сауда уақытша тоқтатылды. Сауда қайта басталғаннан кейін индекс 4,6%-ға төмендеді.
Сонымен қатар Түркияның 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірісі 175 базистік пунктке өсіп, 29,94%-ға жетті. Бұл 2025 жылғы ең жоғары көрсеткіш.