Іш киімін шешіп, әурет жеріне қол салған: Қызылордада бес жасар қызды азғындаған күдіктіні тұрғындар жазаламақ болды (видео)
Қызылордада ер азамат бес жасар қызды зорламақ болған. Куәгерлердің арқасында ғана қылмыстың алдын алып, күдіктіні оқиға орнында ұстау мүмкін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Қызылорда қаласында Бектұрғанов көшесінің бойында орын алған. Кешқұрым мезгілде белгісіз азамат бес жасар қыздың іш киімін шешіп, әуретті жеріне қол салған. Бұл жағдайды көріп қалған кездейсоқ куәгер дереу айқайға салып, көпшіліктің назарын өзіне аударған. Сол жерде жүрген тұрғындар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне хабарласып, педофилді полицейлерге ұстап берген. Қазір осы қылмысқа байланысты тергеу жұмыстары басталды.
"Бұл дерекке қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 124-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Кінәлі адам анықталған, оның іс-әрекетіне қатысты құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс бойынша қажетті сот-сараптамалары тағайындалып, кешенді тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді. Қылмыстық істің тергеп-тексерілуі Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды", – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.