Іс бұзақылықпен ғана шектелген: Талдықорғанда ер адам сүйіктісін бауыздамақ болған
Талдықорғанда ер адам сүйіктісін бауыздамақ болған. Полиция істі “Бұзақылық” бабы бойынша қозғаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
28 жастағы Адина Қуанбекқызы 27 қазанда соққының астында қалғанын айтады. Сауда үйінің алдында ер адам оны ұрып-соғып, содан кейін оны құлатып, қылқындырған. Бұл сауда үйінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Оған жақын маңдағы салон қызметкері көмекке келген, бірақ шабуылдаушы оған да соққы жасаған. Содан кейін ер адам кеңсе пышағын алып, оның кеңірдегін кеспек болған. Ол қорғанып жатқанда, қолы жарақаттанған. Кейін қаскөй жәбірленушінің шашынан тартып, бірнеше рет мойнын кесіп, қашып кеткен.
Адина жедел жәрдем мен полицияны өзі шақырған. Осылайша Талдықорған облыстық ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер оның мойны мен қолын тіккен.
Талдықорған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі "денсаулыққа зиян келтіру үшін суық қаруды не арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып, бұзақылық жасау" бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Адина ер адаммен көктемде кездесіп, көңіл жарастырған. Айтуынша, басында ол өте қамқор және жанашыр болып көрінген, бірақ бір ай таныстықтан кейін әйелді достарынан қызғанып, ұрған. Кешірім сұрап, қайталамайтынын уәде еткен оны жәбірленуші кешірген екен. Бірақ мамырда, содан кейін маусымда тағы да қол көтерген, содан кейін бұл әрекеті жиілей түсіпті.
Қазанда Талдықорған қалалық соты ұрып-соққаны үшін оған жақындауға тыйым салды. Соған қарамастан ол әйелді аңдуын қоймаған.
"Ол мені бауыздағысы келді! Мен одан балаларым үшін мені өлтірмеуін өтіндім. Содан кейін бауыздамай, тілімдеумен шектелген шығар. Бірақ Талдықорған полицейлері мені тыңдағысы келмейді, оның бұзақылық жасағанын айтады. Олардың айтуынша, кеңсе пышағы суық қару емес, сондықтан бұл ауыр қылмысқа жатпайды. Сонда ол жазалануы үшін менің өлуім керек пе?!" – деді талдықорғандық жәбірленуші.